Екі жарым миллиард теңгені жымқырған қазақстандық Вьетнамнан елге жеткізілді. Оған Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында мемлекеттік сатып алулар кезінде қаржы жымқыруды ұйымдастырған деп айып тағылған. Тергеу мәліметінше, жылпос орталықтың лауазымды тұлғаларымен, мердігер компания басшыларымен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтерген екен. Сот бұл қылмыстық іс бойынша құрыққа ілінген үш лауазымды тұлғаны 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырыпты. Ал осының бәрін ұйымдастырған күдікті ізін суытып үлгерген екен. Халықаралық іздеу жарияланып, ақыры тұтылған ол да енді жазасыз қалмайды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Күдікті орталық директоры Сатыбалдиев, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова, сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС-нің басшысы Шинтемировамен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтеру және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.