Елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 80-тен астам қылмыс анықталды. Жазықсыз жанды еркінен тыс жұмысқа жегу, жезөкшелікке мәжбүрлеу, қайыр тілеуге итермелеу сынды сорақылық азаймай отыр.Қаскөйлер тіпті үйсіз-күйсіз жүргендерді жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру үшін молынан пайдаланыпты. Мәселен, Алматыда ұйымдасқан топ тұрақты тұрғылықты жері жоқ, қорғансыз кісілерді алдап, сеніміне кірген. Олардың құжаттарын қажетке жаратып, атына Алматы мен Шымкентте қымбат автокөліктерді тіркеп, сосын оларды сатып, пайда тауып отырған. Қазіргі таңда топтың басшылары қолға түсіп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр екен. Ал алдағы уақытта осындай қылмыстарға тосқауыл қою үшін кешенді бағдарлама әзірленуде.
САМАТ ҚҰСЕТОВ, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Қазақстанда адам саудасына қарсы 2027-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету стандарттары бекітілмек. Сонымен бірге Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету үшін тиісті ұйымдарға жолдау жөніндегі стандартты операциялық рәсімдер әзірленді. Ал ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен адам саудасының белгілері мен осы мәселе туралы ақпараттық материалдар дайындалды.
Самат Құсетовтың айтуынша, бұл күнде полиция мен әлеуметтік қызметтер бірлесіп жұмыс істеуде. Соның арқасында адам саудасына тап болған 15 жан құтқарылып, оларға көмек көрсетілген. Ал Сыртқы істер министрлігі шетелде адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтардың көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тек былтыр ғана сондай 40 жан анықталған.