Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өткізілді

Астана аспанында такси ұшты. Бұрын тек фантастикалық фильмдерден көретін әуе көлігі алғаш рет елорда көгіне көтеріліп, сынақтан өткізілді. Кеңістікте қалықтайтын құрылғының бағасы қарапайым қарашаның қалтасына қолайлы бола ма? Ішіне қанша адам сияды?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Енді Астана тұрғындары мен қонақтары сағаттап кептелісте тұрмайды. Бүгін бас қалада алғаш рет аэротакси сынақтан өткізілді. Елорда аспанын қалықтаған әуекөлігімен діттеген жеріңізге оңай жетіп аласыз. Себебі бұл аэротаксидың жылдамдығы сағатына 200 шақырым.

Су жаңа әуе көлігінің ұшатын сәтін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Алғашқы сынақ кезінде аэротакси қауіпсіздік талаптарына сай қашықтан басқарылып, ішіне адам отырғызылмай көкке көтерілді. Қытайда құрастырылған бұл аппарат бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған.

Аэротакси бір рет қуат алғаннан кейін 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады. Мамандардың айтуынша, тіпті бір қозғалтқышы істен шыққан жағдайда да аппарат еш қиындықсыз ұша береді.

КЕЛЛЕН СЕ, AUTOFLIGHT КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҒА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл әуе көлігі жолаушылар үшін қауіпсіз. Аппарат 10 көтергіш және 3 негізгі электр моторымен жабдықталған. Тіпті бір қозғалтқышы істен шыққан жағдайда да аэротакси аспанда емін-еркін ұша алады. Басқару тетіктері мен электр қуатының барлық маңызды бөліктері қосымша резервпен қамтамасыз етілген. Яғни, бір жүйе істен шықса, оның орнын басатын екінші жүйе бірден іске қосылады.

Мамандардың айтуынша, аэротакси тек қалалық көлік емес, туризм саласына да жаңа серпін береді. Болашақта еліміздегі көрікті жерлерге дейін бармақ. Ол үшін арнайы ұшу-қону алаңдарын салу жоспарланған.

СЕРГЕЙ ХЕГАЙ, AAAG БАС ДИРЕКТОРЫ:

Еліміздегі танымал туристік орындарға аэротакси арқылы жету – біздің алдағы жоспарымыздың бірі. Әрине, бұл бағыттарды іске қосу үшін уақыт қажет. Бірақ негізгі мақсатымыз – стратегиялық туристік нысандардың маңына арнайы ұшу-қону алаңдарын салып, саяхатшыларға жаңа мүмкіндік ұсыну. Биіктен қарағанда табиғаттың сұлулығы мүлде басқаша болады. Біз туристерге тек діттеген жеріне жетуді емес, жолдың өзін ерекше әсерге айналдыратын жаңа тәжірибе сыйлағымыз келеді.

Хош, сонымен шетелдіктер мақтаған, тұрғындар тамсанған әуе көлігі нақты қашан іске қосылады? Бұл сұрақты жауапты компания өкіліне қойдық.

ДАСТАН ЗАЙНОЛДА, ALATAU ADVANCED AIR GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Елорда тұрғындары аэротаксиді жақын арада міне алмайды. Себебі бірінші кезеңде Астана қаласы жоспарға енбеген. Жоспар бойынша, бұл әуе көлігі жолаушыларды тек 2028 жылдың соңы мен 2029 жылдың басына қарай тасымалдай бастайды.

Маманның сөзіне сенсек, елорда тұрғындарының көк аспанда таксимен қалықтайтын күні соншалықты алыс емес. Оған дейін аппарат түрлі жағдайда сынақтан өтіп, қауіпсіздігі толық тексеріледі. Айта кетейік, қазір Қазақстанда мұндай бір ғана әуе көлігі бар. Сынақ нәтижесіне қарай оның саны мен нақты бағыттары анықталмақ.

← Все новости