Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс қарқынды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтаса, биыл небәрі бес айда өзара сауда-саттық 10 пайызға артқан. Бұл туралы екі ел президенттерінің қатысуымен Ресейдің Омбы қаласында өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды. Алқалы жиында тараптар тек тату көршілікке емес, нақты нәтижеге негізделген әріптестікке басымдық берді. «Бүгінде ел экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл – көпжылдық тиімді ынтымақтастық нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-сі іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. Былтыр бұл бағыттағы жүк тасымалы едәуір өскен. Екі елді байланыстыратын тағы бір маңызды маршрут – Батыс Еуропа – Батыс Қытай торабы. Ондағы жұмысты жандандыру үшін мемлекет басшысы «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл екі елдің туристік әлеуетін арттыра түспек. Форум аясында лидерлер сауда және логистика саласындағы цифрлық жобалармен де танысты. Жалпы форум аясында Қазақстан мен Ресей компаниялары жалпы құны 397 млрд теңге болатын келісімшарттарға қол қойды.