Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі өңірдің жаңа тағайындалған әкімдерін қабылдады. Солардың бірі – өткен аптада ғана мұнайлы өлке, Атырау облысының тізгінін ұстаған Болат Ақшолақов. Аймақ басшысы Президентке инвестициялық жобалардың іске асырылуы, мұнай-газ саласының дамуы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жөнінде есеп берді. Президенттің қабылдауында болған келесі әкім – Ұлытау облысының басшысы Есет Байкен. Ұлт ұясында да атқаратын шаруа шаш-етектен. Әсіресе өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп әлеуетін көтеру, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға сапалы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстарын ширата түсу қажет. Кездесуде Президент өңір басшыларына инфрақұрылымды жаңарту, экономиканы әртараптандыру мен экологияны оңалту, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.