Ресейдің мемлекеттік кітапханасынан Қожа Ахмет Яссауи іліміне арналған сирек қолжазба табылды.
Рухани олжаға Мәскеуге жасалған ғылыми экспедиция кезінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі жанындағы Яссауитану ғылыми орталығының қызметкерлері тап болған. Мамандардың айтуынша, он жетінші ғасырда Бұқарада жарық көрген бұл қолжазба – Яссауи мектебінің тарихы үшін баға жетпес жазба дерек. Онда Яссауи тариқатының тарихы мен рухани жолы кеңінен баяндалып, сопылық тәрбие қағидаттары, зікір салу дәстүрі мен рухани сабақтастық жан-жақты ашылған. Сондай-ақ қолжазбада Яссауиден бастау алып, Хакім ата, Зәңгі ата және тариқаттың басқа да өкілдеріне жалғасатын рухани ұстаздар тізбегі көрсетілген. Қазір мамандар қолжазбаға ғылыми сипаттама әзірлеп жатыр. Бұл ауқымды жұмыс Мемлекет басшысының ұлы ойшылдың мұрасын зерттеу және насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр.
Маржан Нүсіпбек