Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 7 просмотров

Нұрайдың ісі: айыпталушы сотта не деді?

Нұрай Серікбайды аяусыз пышақтап өлтірген жігіттің сол күні не істеп, не қойғаны есінде жоқ екен. Сот алдында сөз сөйлеген басты айыпталушы аффект жағдайында өзін жоғалтып алғанын айтып ақталды. Себебі, арам оймен емес, қоштасу үшін барып едім дейді.

Бүгін Шымкентте қоғамды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты басты сот талқылауы басталды. Судья алдымен айыпталушы мен жәбірленуші тараптарға міндеттері мен құқықтарын түсіндірді.

САММИДИН ТЕМІРАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Бірінші сатыдағы сотта соттың талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерінде сөйлеуге, айыптауды, оның ішінде мемлекеттік айыптаушы бас тартқан жағдайда қолдауға, сот отырысының хаттамасымен танысуға, оларға ескертулер беруге, қылмыстық процесті жүргізуші органның әрекетіне, әрекетсіздігіне шағым беруге, іс бойынша әкелінген шағымдарды білуге, оларға қарсылық ұсынуға құқығыңыз бар.

Бүгінгі отырыста сотталушы Шерхан Аймахан қылмыстық іске қатысты өз сөзін айтты. Күдікті Нұраймен арақатынасы 2025 жылдың жазынан басталғанын жеткізді. Ал сол жылдың қазанында отбасылы болуға ұсыныс жасаған. Осылай алып қашу ісін жоққа шығарып отыр.

ШЕРХАН АЙМАХАН, СОТТАЛУШЫ:

Нұрайға «отбасылы болайық» деп сөз салған болатынмын. Содан кейін ол келісімін беріп, екеуіміз 23:30 шамасында Аюсай жақтан төмен түсіп, Шымкент қаласына жол тартқан болатынбыз. Өз келісімімен. «Отбасы құрам» дегеннен кейін бірге келген болатынбыз.

Айыпталушының сөзінше, Нұрай жігітті мазақ еткен. Бойжеткен оны үнемі Алматыға шақырып алып, кейін өзі Шымкентке кетіп қалып жүріпті. Оның осы әрекеті күдіктінің жан дүниесіне әсер етіпті.

ШЕРХАН АЙМАХАН, СОТТАЛУШЫ:

Өзі шақырып алатын Telegram желісі арқылы. Жазатын еді. Мен барған кезде үйіне қайтып кететін болатын. Яғни мұндай қайталану үш рет болған. Алматы қаласына жолығуға шақыратын. Мен барам және ол мазақ қылып кетіп қалады. Мына күні келем деген кезде мен Шымкент қаласына қайтып кетіп жатқанмын. Алдында айтқандай, содан мен жан күйзелісі және ұзаққа созылған жан күйзеліске тап болғам.

Ал қанды қылмыс болған күні жігіт қызбен қарым-қатынасын біржола үзу үшін кездесуге барыпты. Тіпті оқиға болардан бұрын көлігінің зат салғышында жатқан екі пышақты кездейсоқ тауып алыпты. Содан оны қалтасына салған.

ШЕРХАН АЙМАХАН, СОТТАЛУШЫ:

Машинада тұратын пышақтарды көрдім. Сол пышақтарды қарап отырып, толстовканың кенгуру қалтасына салып отырып, ары қарай телефонымды шұқылап отырған едім. Қалтамда қалай қалып кеткенін байқамадым. Мен 2023 жылы Алматы қаласында сатып алғанмын. Өзіме қажетті нәрселер және де адамға қажеті болады ғой.

Бірақ жігіттің сөзінше, бойжеткенге айырылысу туралы әңгіме ұнамай, оны балағаттап, ұра бастаған. Тіпті қыздың өзі бірінші маған пышақ салды деп, міз бақпайды. Содан сотталушы өзін бақылай алмай, аффект күйге түскен. Ал өзі қолын қанға бояған сәт түк есінде жоқ екен.

ШЕРХАН АЙМАХАН, СОТТАЛУШЫ:

Менің қалтамдағы пышақ сезілді. Екі пышақ болғаннан кейін кішкентай пышақты Нұрайға ұсындым. «Ұрғанша, пышақта» деп айттым. Ол пышақты алып, сол қолымен оң тұсыма пышақты тыққан кезде артқа шегіндім. Содан ары қарай есімде жоқ, не болғаны.

Сөйтсек, Шерхан Аймахан 2019 жылы басынан жарақат алып, содан бері психологиялық жағдайы ауытқып отыратын күйге түсіпті. Сарапшылар өзіне «аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер» диагнозы қойылғанын, ұстамасы бар екенін алға тартып отыр. Қазіргі уақытта сотталушыға некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр.

← Все новости