Сайлау науқаны кезінде жасанды интеллект қолданылған әрбір контент таңбалануы тиіс. ЖИ көмегімен дайындалған мәтін, сурет немесе видео арнайы белгімен көрсетілуі керек. Қазақстанда жұмыс істейтін барлық цифрлық платформалар ұлттық заңнаманы сақтауға міндетті. Бұл жайлы елордадағы сарапшылардың кездесуінде Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев айтты. Жиында цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері мен фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланды. Мамандардың айтуынша, мұндай таңбалау азаматтарға ақпараттың қалай әзірленгенін түсінуге және саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Әсіресе бұл талап сайлауалды үгіт пен түрлі ақпараттық науқандар кезінде қатаң сақталуы қажет.
ЖАНДОС ШАЙМАРДАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Шілде айынан бастап бізде елімізде цифрлық кодекс күшіне енді. Енді әр контент жасанды интеллектімен пайда болған кезде маркировкадан өтуі керек. Яғни бір ролик жасалған болса, арнайы жазба болуы керек: бұл жасанды интеллект құралдарымен жасалған өнім деп. Сол кезде ғана бұны ресми түрде қолдана аламыз.