Заман түлкі болса, тазы боп шал. Астанада кибералаяқтарды әңгімеге тартып, уақытын алатын AntiCall-орталық іске қосылды. Негізгі мақсат – күмәнді қоңырауларды анықтау. Мамандар олардың қайдан соғылып жатқанын, қандай нөмірлерге жиі хабарласатынын тұрақты бақылап отырады. Егер жаппай немесе күмәнді белсенділік байқалса, операторлар алаяқтардың өзіне хабарласып, әңгіме-дүкен құруға тырысады. Сөйтіп, құлқынына ақша тескен қулардың уақытын алып, басқаларға телефон соғуына кедергі келтіреді. Ал сол аралықта киберполиция «қақпанға түсуі мүмкін» азаматтарды ескертіп үлгереді. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл қазірдің өзінде жемісін беріпті. Мәселен, банк алдында тұрған бір адамның атына ірі көлемде несие рәсімдеудің жолы кесілген.