Енді елімізде жаңа мамандықтарды тегін меңгеріп, жұмысқа орналасуға болады. Яғни, мемлекет оқу ақысын толық төлейді, шәкіртақы да береді. Бірақ бәріне бірдей емес. Бұл мүмкіндік тек жұмыссыз азаматтарға арналған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағдарлама аясында оқу мерзімі алты айға дейін жалғасады. Осы аралықта қатысушыларға ай сайын 43 500 теңге көлемінде стипендия беріледі. Бұдан бөлек, жол жүру шығыны мен тұрғын үйді жалдауға да қаржы қарастырылыпты. Мәселен, оқуға барып-келуге 17 300 теңге, ал пәтерге 65 мың теңге бөлінеді. Ал қашықтықтан оқуды таңдағандар үшін арнайы платформада курстар қолжетімді. Жауапты ведомствоның ақпаратынша, жыл басынан бері 37 мыңнан астам азамат тегін білім алып, 20 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасыпты.