Қызылорда облысы, Шиелі ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысып жүрген топ құрықталды. Бір қызығы, құнды металл аса терең өңдеуді қажет етпейтін таза күйінде жер қойнауында жатқан екен. Қаскөйлердің қанша уақыттан бері алтын өндіріп жүргені туралы мәлімет жоқ. Алайда арнайы топ құрған олар барлық міндетті өзара бөліп алған. Бірі өндіріске жауапты болса, екіншісі тасумен, үшіншілері оны Алматы қаласында сатумен айналысқан екен. Кен орны да арнайы бақылауда болған. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті оларды біраз уақыттан бері аңдып, арнайы операция барысында қолға түсірді.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 граммнан астам кен, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш, одан басқа 6 автокөлік тәркіленді. Одан тыс 2 пневматикалық тапанша мен аңшы мылтығы табылды. Қазіргі таңда 13 адам құрықталды. Тергеу жалғасып жатыр.