Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 18 просмотров

Нұрайдың жақындары 10 млрд теңге өтемақы талап етті

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың соты жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушы Шерхан Аймаханның тергеу кезінде өз кінәсін мойындап, жауап берген сәті көрсетілді. Онда сотталушы Нұрайдың саябаққа барудан бас тартқаны үшін пышақты мойнына сұғып алғанын айтты. Бірақ бұндай қадамға не себепті барғанын нақты білмеймін деп ақталды. Одан кейін де жасаған әрекетіне жауап бере алмады. Сондай-ақ, сарапшы марқұмның денесіне 35 мәрте суық қару тигенін манекенде сызып тұрып көрсетті.

САРАПШЫ:

Бұл жерде мен белгілегеннен көп болып тұр. Өйткені бұл жерде кеуде қуысымен, іш құрылысына енген жарақаттары сегіз болып тұр. Яғни мойнындағы қан тамырлары жарақаттары да бар.

Сот процесі кезінде Шерханның қамауға алынғаннан кейін әкесімен сөйлескен сөзі де жарияланды. Қылмыстың жасалған сәті көрсетіліп, одан оқиғаның есіне түскен-түспегенін сұрады. Сотталушы қанды қылмысты аффект жағдайында жасағанын айтып, Нұрайды өлтіргенін толық мойындаймын деді. Ал жәбірленуші тарап Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңге моральдық өтемақы талап етті.

АЯНХАН ОМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:

Сотталушы Аймахан Шерхан жәбірленуші тараптың пайдасына 14 млн 739 мың 65 теңге материалдық зиянды өндіруді, қылмыстық іс бойынша 10 млрд теңге мөлшерінде моральдық зиянды өндіруді, жалпы 10 млрд 14 млн 739 мың 65 теңге мөлшерінде азаматтық талапты толық көлемде қанағаттандыруды сұраймын.

← Все новости