Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 7 просмотров

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінің бүгін 15-ші күні

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінің бүгін 15-ші күні. Саяси дода жақындаған сайын партиялардың да жұмысы қыза түскендей. Бірі Шымкенттегі зауыттарды араласа, енді бірі Жамбыл жұртымен жүздесіп, мәселелерін тыңдап жүр. Ауыл-аймақтағы бұқараның да айтарына құлақ түріп, түйіні көп проблемаларды түртіп алып жүр.

Ауылдағы ағайынның үні ескерусіз қалмауы керек. «Әділеттіктердің» ұстанған бағыты да осы. Сөзден гөрі іске көшетін уақыт келді деген саяси ұйымның өкілдері Жамбыл облысына табан тіреді. Өңірдегі сапарларын Жуалы ауданынан бастады. Нұрлыкент елді мекенінің тұрғындарымен жүздесіп, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады. Ауыл тұрғындарының бірі зейнеткерлерге көмек көрсететін орталық ашуды ұсынса, тағы бірі көпбалалы және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға жалға берілетін тұрғын үй мәселесін көтерді. Дәл осындай кездесу облыс орталығында да жалғасты. Мұнда партия өкілдері жиналған көпшілікке алдағы науқанның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ өздерінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ДЕПУТАТТЫҚҚА КАНДИДАТ:

Біздің басымдықтардың бірінде «Қуатты өңір — қуатты ел» деп аталады. Әрине, осы кезеңдегі аса маңызды бір шарт ол жаңа партияның басымдықтарын, бағыттарын, мақсаттарын халыққа таныстыру. Осыған байланысты да ұсыныстар бар, соның бәрін реттеуді халықтан сұрап, атқарушы биліктің мүмкіндігін ескеріп, сол аралықта алтын көпір болуға партия жұмылып отыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Кеншілер шаһарында жүр. Саяси ұйымның өкілдері аутизм спектрі бұзылған балалардың ата-аналарымен жүздесіп, мәселелерін тыңдады. Басқосуда ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, инклюзивті білім беруді дамыту және оңалту инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін көтерді. Өз кезегінде аналар тарапы білім беру жүйесіне қатысты өздерінің ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің тұғырнамаларын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Ал Елордада партияның сайлауалды штабының отырысы өтті. Кандидаттар екі аптаны қорытындылап, халықпен кездесулерінің нәтижесін талқылады.

АСХАТ РАХЫМЖАНОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сайлауалды жұмыстарымыз өте белсенді жүріп жатыр. Барлық 20 филиал белсенді түрде атсалысуда. Қазіргі таңда 200 мыңнан астам бюллетень таратылды. Алда әлі де жоспарларымыз бар. Бірнеше кезең бойынша жұмыс жүргіземіз. Менің ойымша, екі аптада үлгеріп қаламыз.

Қоршаған ортаны қорғау басты міндетіміз. «Байтақ» жасылдар партиясының ұстанған бағыты осыған саяды. Бүгін саяси ұйым өкілдері Алматыдағы жылу электр станциясының ұжымымен кездесті. 200-ден астам азаматтың басын қосқан жиында экологияға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Мәселен, коммуналдық қызметтердің қала өміріндегі рөлі, көлік қозғалысы, ауаның ластануы. Қызметкерлер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да білдірді. Өз кезегінде партия өкілдері саяси ұйымның бағдарламасын таныстырды.

АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

«Байтақ» партиясы 2022 жылдың соңынан бастап, ал 2023 жылдан бері Алматыда белсенді жұмыс істеп келеді. Қазір партиямыздың қалада сегіз мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Біздің басты мақсатымыз – келешек ұрпақ үшін табиғатты сақтау, аялау. Меніңше, жасылдар партиясының негізгі миссиясы да осы. Сондықтан біз ұзақмерзімді мақсаттарды көздейміз. Бірақ оны жүзеге асыруды бүгіннен бастауымыз керек.

Жетісу облысында жүзден аса үкіметтік емес ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді. Азаматтық қоғамды дамытуға атсалысып жүрген жандармен Қазақстан халық партиясының өкілдері кездесті. Жиын барысында мүгедектігі бар жандардың ерекше жобалары таныстырылды. Мәселен, өңірде ерекше күтімдегі адамдарға тегін инвотакси қызметі бар. Арнайы ақпараттық портал да ашылған. Жеке кәсіп ашам деушілерге қолөнер бұйымдарын жасау жолдары үйретіледі. Ал егде жастағы жандар үшін белсенді өмір сүру орталығы қарастырылған. Басқосуда саланы дамыту мәселесі талқыланып, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға бірқатар ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, партия өкілдері көпшілікке сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.

ОЛЖАС БЕКДӘУЛЕТҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Халықпен көптеген кездесу өткізіп жатырмыз. Халықтың белсенділігі жақсы. Олар өздерінің сұрақтарын қояды, көптеген мәселелерді көтереді. Инклюзия жағынан, жастарды қолдау, человеческий капитал соған көңіл бөлу. Басқа да әлеуметтік мәселелер бар.

«Ауылдықтар» Шығыс өңіріне табан тіреді. Мұнда болашақ депутаттар экологтармен жүздесті. Партиялықтардың сөзінше, өндіріс өте көп шоғырланған Өскемен үшін бұл бағыт өте өзекті. Сондықтан партия өкілдерімен кездесуге табиғат жанашырлары мен қоғамдық ұйымның мүшелері келді. Өңірдегі эко-ахуалды жақсарту үшін атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Өскемендегі қоқыс полигоны бұдан 20 жыл бұрын толып кеткен. Ал жаңасын салу мәселесі әлі күн тәртібінде тұр. Экологтар осы мәселеге назар аударуды тапсырды. Бұдан соң «Майлы дақылтардың тәжірибелік шаруашылығы» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Жеті жүзге жуық адам еңбек ететін мекеме дәнді және майлы дақылдардың түр-түрін өсіріп, экспорттап отыр.

ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мысалы, қазір 25-30 центнер алса, оның ішінен қарап отырмыз, 52 пайызы таза май. Бізге экспортта май дақылдары әлем бойынша сұранысы көп. Өзбекстанға, Қытайға, көп мемлекеттерге осы майды осы Қазақстан жіберіп жатыр. Жыл сайын Қазақстанда май дақылдарының алаңы көбейіп жатыр.

Отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Алматы облысындағы Қарасай ауданының еңбек ұжымымен жүздескен «Ақжолдықтар» осы мәселелерді көтерді. Жиында кәсіпорын қызметкерлері осы бағытқа қатысты сауалдарын жолдап, қоғамдағы өзекті тақырыптар туралы да ойларын жеткізді. Саяси ұйымның өкілдері партияның негізгі бағыттарын таныстырып өтті. Сондай-ақ ел экономикасының өркендеуіне серпін беретін бастамаларға да тоқталды. Осы тұста жиналғандар ол ең алдымен еңбек адамының әл-ауқаты мен отандық бизнестің тұрақты дамуына байланысты екенін атап өтті. Өндірісті қолдау мен кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау — жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жұмыс орындарын көбейтуге негіз болмақ.

Саяси дода жақындаған сайын партиялықтар да жұмысын үдете түскендей. Республикалықтар Шырайлы Шымкентте жүр. Құрылтай депутаттығына үміткерлер бірнеше еңбек ұжымымен жүздесті. Ең алдымен темір есік шығаратын кәсіпорын мен алюминий өнімдерін жасайтын зауытта болды. Мұнда қызметкерлермен кездесіп, саладағы мәселелерді тыңдады. Сондай-ақ кандидаттар Түркістан облысындағы балмұздақ фабрикасына да барып үлгерді. Мұнда отандық өндірісті дамыту және бизнесті қолдау туралы ұсыныстар айтылды. Артынша Шымкенттегі жастармен кездесу өтті. Басқосуға қатысушылар интеллектуалдық ойын ойнап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір күнге созылған іс-шараларға мыңнан астам адам қатысқан.

ҚУАНЫШ ШОҢБАЙ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің мақсатымыз бұл кісілерге ең бірінші еңбек ету бұл жетістіктің нағыз дұрыс стратегиясы деген нәрсені біз бергіміз келеді. Өйткені еңбек етпесең, білім, біліктілік болмайды дегендей, одан кейін жақсы жұмыс болмайды. Өйткені қазір жасанды интеллект беретін пайдасы көп, бірақ бір үлкен минусы көп профессияны жоққа шығарады.

← Все новости