Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 21 просмотр

Ормуз бұғазындағы дағдарыс

Таяу Шығыста геосаяси ахуал қайта ушықты. АҚШ пен Иранның Ормуз бұғазындағы текетіресі күшейсе, Израиль Газа секторын реттеуге арналған бейбіт жоспардан түбегейлі бас тартты. Ал әлемнің өзге бөліктерінде табиғат апаты жұртты әбігерге салуда. Еуропаның бірқатар мемлекеті ірі орман өрттерімен арпалысып жатса, Қытайдың шығысына қуатты тайфун соққы берді.

АҚШ Иранға қарсы блокаданы қатаң бақылау үшін Таяу Шығысқа 20-дан астам әскери кемесін аттандырды. Америка президенті Дональд Трамп жаңа әскери шабуылдан гөрі экономикалық қысымды арттыруды көздеп отырғанын және Тегеранмен «жартылай келіссөз» жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Алайда Иранның Сыртқы істер министрі Вашингтонмен тікелей байланыс жоқ деді. Оның айтуынша, АҚШ 2026 жылғы маусым айында жасалған уақытша келісім шарттарын бұзуды тоқтатпайынша, ешқандай ресми келіссөз болмайды. Қазір қос тарап тек делдалдар арқылы ғана хат алмасуда. Ал қақтығыстың негізгі ошағына айналған Ормуз бұғазы әлі де жабық. Иран маңызды су жолын қайта ашу үшін АҚШ-тан соғыс шығындарын өтеуді және бұғатталған активтерін қайтаруды қатаң талап етіп отыр.

ИЗРАИЛЬ ҚЫР КӨРСЕТТІ

Израиль АҚШ бастаған «Бейбітшілік кеңесі» ұсынған Газа секторындағы жағдайды реттеуге арналған 15 тармақтан тұратын жоспардан бас тартты. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху ХАМАС толығымен қаруды тастамай, Израиль әскері анклавтан шығарылмайды деді. Ал ХАМАС ұйымы, керісінше, бітімгершілік келісімнің екінші кезеңін орындауға дайын екенін растады. Олар делдалдардан нақты кесте құруды сұрап, басты назарды соғысты тоқтатуға, Израиль әскерін толық шығаруға, гуманитарлық көмек кіргізуге және Газаны қайта құру жұмыстарын бастауға аударуды талап етуде. Айта кетейік, 2025 жылдың қазан айында күшіне енген атысты тоқтату режиміне қарамастан, Газадағы шабуылдар салдарынан 1250-ден астам адам қаза тауып, 4100-ден астамы жарақат алған.

ЕУРОПА ӨРТКЕ ОРАНДЫ

Еуропаның бірқатар елінде аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан ірі орман өрті тұтанып, жағдай ушығып барады. Грекияда, әсіресе Афина маңында тілсіз жау жүзден астам үйді күлге айналдырып, халық жаппай қауіпсіз жерге көшірілді. Францияның оңтүстік-батысында эвакуацияланған тұрғындар елді мекеніне оралғанымен, көбі үйлерінің орнынан тек күл-қоқысты ғана тапқан. Өрт Нидерландта пойыздар қозғалысын тоқтатып, Италияның туристік аймақтарында демалушыларды шұғыл эвакуациялауға түрткі болды. Испанияда тілсіз жау төрт мың гектардан астам аумақты шарпыса, кезекті аптап ыстық қысқан Балқан түбегінде, яғни Сербия мен Албанияда жалын елді мекендерге өте жақын қалды. Қазіргі таңда аталған елдердегі мыңдаған өрт сөндіруші мен арнайы техника тілсіз жаумен тоқтаусыз күресіп жатыр.

ТАЙФУН ӘУРЕГЕ САЛДЫ

Қытайдың шығысында «Долфин» тайфуны елді әуреге салды. Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, апат алғаш рет 2026 жылғы 9 тамыз, жексенбі күні кешкісін Тайчжоу округіне қарасты Юйхуань қаласының жағалауына жеткен. Бұл кезде желдің күші он төрт баллға дейін көтерілді. Ал тайфунның екінші соққысы Вэньчжоу округіндегі Юэцин қаласының жағалауында тіркелді. Мұнда желдің жылдамдығы секундына 38 метрге, яғни он үш баллға жетті. Қуатты дауылдың салдарынан өңірдегі әуе қатынасы ішінара тоқтап, Ханчжоу қаласындағы Сяошань халықаралық әуежайында 388 рейс тоқтатылды. Қазіргі уақытта метеорологтар зардап шеккен аудандардың жергілікті билігіне қатты нөсерден және оның салдарынан қорғану шараларын шұғыл қабылдауды ескертіп жатыр.

← Все новости