Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 4 просмотра

2 мың ер-тоқым жасаған жамбылдық шебер

Әулиеатада ауыл тұрғыны ат әбзелдерін жасап, ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді.

Екі мың ер-тоқым, бір мың қамшы. Әулиеатада ауыл тұрғыны ат әбзелдерін жасап, ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді. Кеңес дәуірінде ер-тұрманды төрт түлікке айырбастаған шебер бүгінде аядай ғана бөлмеде ескі аппараттармен кәсібін өрге дөңгелетіп отыр.

Сейіт Төреқұлов қылқұйрыққа қызыға бастаған кезінен-ақ алғаш рет жылқыға жүген жасағанын айтады. Қолының ептілігін байқаған шебер темірден түйін түйіп, ағашты қашап үйренген. Әскерден оралған соң осы істі кәсіпке айналдырыпты. 90-жылдары қамшыны тоқтыға, қазақы ерді жылқыға айырбастап күнелткен.

СЕЙІТ ТӨРЕҚҰЛОВ, ШЕБЕР:

21 жасымда кәсіп қылып, 30-40 жиынтықтан істеп, малға айырбастайтынбыз ол заманда. Бір қамшыны бір тоқтыға айырбастаған күндер болды. Ер-тоқымдарды ол кезде бір тай, бәлен бас қойға сөйтіп бастадық.

Тау етегіндегі ауылдың ұлы қолөнердің бес түрін меңгерген. Ұста сауыт-сайман, қылыш, қанжар, тіпті ұлттық аспап домбыраны да жетік жасайды. Қазір шебер «құранды ерге» басымдық беріп отыр. Ол үшін күн-түн демей үй жанындағы шеберханасында еңбек етеді.

СЕЙІТ ТӨРЕҚҰЛОВ, ШЕБЕР:

Орыс ерден айырмашылығы — құранды ерді екінің бірі істей алмайды. Бұрынғы мықты ұсталар аз ғой енді. Оны мықтылап шапса, оған жететін ер жоқ қой. Ол айнымайды. Орыс ер деген ары-бері ат аунайды, сол кезде темірі майысады.

Облысқа танымал ұста қазір ат әбзелдерін жасаумен қатар, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған. Жеті жылдан бері ол Тұрар Рысқұлов ауданындағы өнер мектебінде қызмет етеді. Өрендерді ара-тұра шағын шеберханасына да апарады. Мектеп оқушылары бұл іске қызыққанымыз соншалық, кештің қалай батып кеткенін аңғармай қаламыз дейді.

ӘБДІРАХМАН ЕЛАБЕК, ОҚУШЫ:

Осы Сейіт тәтенің жанында жүргеніме үш жыл болды. Мен мына қамшыны бір айда жасадым. Және де ағаштардан көптеген қалдықтарды кәдеге жаратамыз. Мен болашақта осы ер-тоқымдарды жалғастырғым келеді.

Аудан билігінің мәліметінше, соңғы үш жылда шағын және орта бизнесті дамытуға 280 миллион теңге бөлінген. Қайтарымсыз қаржылай қолдауға 200-ге жуық азамат ие болған. Қазір олардың басым бөлігі кәсібін дөңгелетіп, табысты еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта кәсіпкерлер қатарын толықтыратын ер-тұрман жасаушы шеберге де қолдау көрсету жоспарланып отыр екен.

СҮЙЕУ ӘБІКОВ, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қайтарымсыз гранттар аты айтқандай, әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Оның өзінің 5 категориясы бар. Егер ол кісі ол категорияға кіретін болса, биылғы жылғысы өтіп кетті. Келесі жылғы гранттарға қатысуға болады аудан деңгейіндегі.

Сейіт Төреқұлов мемлекеттен қаржылай қолдау күтеді. Себебі ол бар жұмысын талай жылдан бері қолданыста жүрген ескі техникамен атқарып келеді. Қайтарымсыз қаржы есебінен алпысыншы жылдардағы аппараттарды жаңартып алсам, шеберханадағы шаруам едәуір жеңілдер еді, дейді шебер.

← Все новости