Құрылтай сайлауына 5 күн қалды. Уақыттың тығыздығына қарамастан саяси партия өкілдері бір тәулікте бірнеше кездесу өткізіп жатыр. Еліміздің әр өңірін аралаумен қатар, түрлі өндіріс орындары мен зауыттарға да ат басын бұруда. Мұнда халыққа сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып, алдағы саяси доданың маңыздылығын жан-жақты түсіндіруде.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сапары Алматы облысында жалғасып жатыр. Саяси ұйым өкілдері мұнда ауыл тұрғындарымен тілдесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді өздеріне түртіп алды. Емен-жарқын кездесуде жергілікті халық та көкейінде жүрген сауалдарын жасырмай қойды. Ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Ал Жер жәннаты Жетісуда жүрген кандидаттар Ескелді ауданының халқымен жүздесті. Жиында саяси ұйым өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, әлеуметтік саладағы мәселелерге назар аударды. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау саласының жай-күйі, еңбек жағдайы және әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. Қатысушылар өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
ЖАСҰЛАН МҮКАМАНОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Жетісу облысының 8 ауданы мен екі қаласында 20-дан астам кездесу өткіздік. Жалпы халықтың жиналуы жоғары. Келесі аптада Көксу ауданы және Талдықорған қаласында бірнеше іс-шараларымыз бар. Сол жерде халықпен кездесіп, өзіміздің бағдарламамызды насихаттауды жоспарлап отырмыз.
Еңбек адамының мәртебесі қашанда биік. Бұл — «Байтақтықтардың» ұстанымы. Шырайлы Шым қалада еңбек ұжымымен кездескен саяси ұйым өкілдері көпшілікке өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар, көпшілік өздерінің де талап-тілегін білдірді. Мегаполистің экологиялық жағдайы да назардан тыс қалмады. Тұрғындар ауа сапасын жақсарту, жасыл желекті көбейту шаралары туралы айтты. Ауызсудың сапасы да жан-жақты талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қала инфрақұрылымын дамыту кезінде халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берілуі қажет екенін атап өтті.
АЙДОС ОРДАБЕКОВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Шымкент қаласында бес жерде кездесу жоспарланған. Сол бес жердің екінші жері — осы базар. Бір жерінде кездесу жүргізіп келе жатырмыз. Тағы бірі Республика бойында. Азат шағын ауданында және Тұран-2 шағын ауданында кездесулер жүргіземіз халықпен.
«Respublica» партиясының өкілдері Қостанай облысына жұмыс сапары барысында бірқатар өндіріс орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. Машина жасау кәсіпорындары мен кондитерлік фабриканың жұмысымен танысып, өндіріс орындарындағы еңбек жағдайы, саладағы өзекті мәселелер және бизнесті дамыту бағыттары жөнінде пікір алмасты. Кездесуде отандық өндірістің әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді. Еңбек ұжымдарының өкілдері мамандар даярлау, жұмыс өнімділігін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Кандидаттар кәсіпкерлікті дамыту мен шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
ЖАЛЫНБЕК ЖАЙНАРБАЙ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Теңге құнсызданады, басқа да сыртқы факторлар бар, импортта үлкен проблемалар бар, мысалы, сондықтан біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті болуы үшін осы арзандатылған, жеңілдетілген кредиттерді көптеп берсе және оның пайыздық мөлшерлемесін бүгінгі нарықтағы бар күннен де әлдеқайда төмен қылып істеу керек.