Вашингтон мен Тегеран арасындағы 60 күндік бітімгершілік меморандумының мерзімі аяқталып, Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушықты. Екі ортадағы текетірес кесірінен негізгі теңіз дәліздеріндегі кеме қатынасы тұралап қалған. Ал Колумбияда жүздеген адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісінің салдарымен күрес жалғасуда.
БЕЙБІТ КҮННІҢ АУЫЛЫ АЛЫС
Вашингтон мен Тегеран арасындағы түпкілікті бейбіт келісімді әзірлеуге арналған 60 күндік меморандумның мерзімі аяқталды. Тараптар құжатты әрі қарай ұзартпайтынын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты келісімді өрескел бұзды деп айыптап, ресми Тегеранның ешқандай қысым мен ультиматумға мойынсұнбайтынын жеткізді. Өз кезегінде АҚШ Президенті Дональд Трамп Тегеранның мәмілеге келгісі келетінін, бірақ Вашингтон қойған талаптармен келіспей отырғанын айтты. Ол Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін және Ормуз бұғазы Американың толық бақылауында екенін қатаң ескертті. Естеріңізге сала кетейік, маусым айында бекітілген меморандум Ормуз бұғазын ашуға және қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған еді. Алайда бұғаздағы кеме қатынасына қатысты қайшылықтар екі ортадағы әскери қақтығыстарға ұласып, келіссөздер тоқтап қалды.
БҰҒАЗ БҰҒАТТАЛЫП ТҰР
Вашингтон мен Тегеран арасындағы осы текетірестің салдарынан Таяу Шығыстағы негізгі теңіз дәліздерінде сауда кемелерінің қатынасы күрт төмендеп кетті. Соңғы тәулікте Ормуз бұғазы арқылы небәрі үш сауда кемесі ғана өткен. Қақтығыстар басталғанға дейін бұл маңызды су жолымен күніне орта есеппен 110 кеме жүзетін еді. Ал Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы бір тәулікте 37 кеме өткені тіркелді. Бұған қоса, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы аймақтағы теңіз ережелерін сақтау мақсатында 64 сауда кемесінің бағытын күштеп өзгерткенін, үшеуін істен шығарып, тағы екеуіне тексеру жүргізгенін мәлімдеді. Осылайша, 60 күндік бітімнің аяқталуымен қос тарап ядролық бағдарлама мен Ормуз бұғазына қатысты өз ұстанымдарынан қайтпайтынын аңғартты.
АПАТ САЛДАРЫ АУЫР
Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен келген экономикалық шығын көлемі 9,5 миллиард долларға жуықтауы мүмкін. Ел президентінің айтуынша, бұл қаражат негізінен қираған ғимараттар мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Колумбияның батысында болған 7,4 магнитудалы зілзала салдарынан 289 адам қаза тауып, 4 мыңнан астамы түрлі дене жарақатын алған. Тағы 143 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Апат әсіресе Кали мен Перейра қалаларына ауыр соққы болып тиді. Бұл қызметіне жақында ғана кіріскен жаңа президент үшін алғашқы ірі сынақ. Айта кетейік, Кали қаласының тұрғындары қайғылы оқиға құрбандарын еске алу үшін арнайы шара өткізіп, қаза тапқандардың рухына тағзым етті. Жұртшылық бірлік пен төзімділік танытып, қираған қалаларды қайта тұрғызуға бекініп отыр.
АҢ-ҚҰСҚА ОБАЛ БОЛДЫ
Газа секторындағы Нусейрат босқындар лагері маңында шағын зообақ қайта ашылды. Нысан қожайыны Махмуд Гомаа соғыс өрті тұтанған кезде жануарларды аман алып қалу үшін қаладан қалаға көшіруге мәжбүр болған. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығынан аң-құстар қатты жүдеп-жадаған. Ветеринарлардың айтуынша, жыртқыштарды тек қатырылған етпен қоректендіру олардың денсаулығына кері әсер етуде. Оған қоса, үздіксіз жарылыс дыбыстары жануарларды ауыр күйзеліске ұшыратқан. Кейбір аңдар Рафах қаласында қалып, аштан өлген немесе із-түзсіз жоғалған. Осындай қиындықтарға қарамастан, бұл зообақ соғыс зардабын тартқан жергілікті балалар үшін қираған үйінділер арасындағы аз да болса көңіл көтеретін жалғыз орынға айналып отыр.