Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 23 просмотра

Жеті партия — бір сапар

Құрылтай сайлауына дайындық қызып жатыр. Дауыс беру күні жақындаған сайын жеті партияның өкілдері елдің әр өңірін аралап, тұрғындармен жүздесіп жүр. Аудан, облыс орталықтарымен ғана шектелмей, шалғай ауылдарға да барып, халықтың талап-тілегіне құлақ асуда. Кездесулерде жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдай, ауылды дамыту, инфрақұрылым мен өндіріс секілді мәселелер көтеріліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жан-жақты талқыланып жатыр.

Саяси доданың басталуына санаулы күндер қалды. Уақыттың тығыздығына қарамастан партия өкілдері еліміздің әр өңірін аралап жүр. «Әділеттіктер» Қызылжар өңіріне табан тіреді. Мұнда жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін мінберлерден көтеруге уәде берді. Басқосуға мұғалімдер, өнеркәсіп және аграрлық сектор қызметкерлері, спортшылар мен этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты. Жиында білім беру, денсаулық сақтау саласын жетілдіру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.

ЕРЛАН САЙЫРОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Бұл жерде енді ең негізгі мәселе — ол жұмыс орындары. Сапалы жұмыс орындары. Сонымен бірге енді аграрлы облыс болғандықтан, аграрлы сфераны дамыта отырып, мына озық технологияларды әкелу мәселесі. Ең негізгісі, әрине, сапалы жұмыс және жастардың жаңа деңгейге шығуы.

Қазақстан халық партиясының өкілдері Алматыда жүр. Ең алдымен кандидаттар Дінмұхаммед Қонаев атындағы халықаралық қор ғимаратында болып, зиялы қауыммен қауышты. Басқосуда білім, ғылым, мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау жайы жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ кандидаттар көпшілікке өздерінің тұғырнамаларын таныстырып, негізгі бағыттарын атап өтті. Және де алдағы науқанның еліміз үшін маңыздылығын да тілге тиек етті.

ЛӘЗЗАТ СҮЛЕЙМЕН, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Халық партиясының бүгінгі бағдарламасының мақсаттарын талқылап, өздерінің ұсыныстарымен бірге өздерінің осы бағдарламаны қолдайтындарын көрсетті. Дінмұхаммед Қонаевтың осы халыққа қызмет етудің ең парасатты, ең қарапайым, ең ұтымды жолымен танысуға келіп, осы үлкен ақсақалдардың батасын да алып және алдағы саясатқа бір үлгі ретінде қабылдап кетті деп ойлаймын.

Оралда «Ауыл» партиясының белсенді мүшелері «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Жастар қала іргесіндегі көрікті аумақты күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандырды. «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасының аясында ұйымдастырылған бастамаға 200-ге жуық адам атсалысты. Олардың қатарында «Auyl Jastary» жастар қанатының өкілдері, еріктілер, қала тұрғындары бар. Акция елді мекендерді көркейтуге, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Партиялықтардың сөзінше, мұндай игі бастамалар ары қарай да жалғасын таппақ.

АЛШЫН ЖОЛДЫҒАЛИ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет басшысының тапсырмасы, идеясы бойынша жасалған «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, осы жерде тұрғындардан қалған қоқыс қалдықтарын жинадық. Біз қазір Орал қаласының көрікті жерінде, Орал деген жазудың бойында тұрмыз. Қала тұрғындарына осындай демалыс орындарында демалғаннан кейін артынан жинап, таза ұстаса деген ойым бар. Өзіміздің болашағымыз үшін, келер ұрпақ үшін міндетті түрде айналаны жинап, тазалап жүруіміз керек.

Ақжолдықтардың сайлауалды жұмыстары Атырауда жалғасып жатыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңірдегі вагон құрастыратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуде өндіріс орындарын дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау және білікті мамандардың еңбегін бағалау мәселелеріне назар аударылды. Ал «Атырау Жарық» және «Каспиймұнайгаз» ұжымдарымен өткен кездесулерде еңбек адамының мәртебесі, әлеуметтік қолдау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелері көтерілді.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кәсіпкерлерге қандай кедергілер бар? Біріншіден, әрине, мына несиенің қымбаты. Қымбат несие болса, олар өндірісті көтере алмайды ғой. Қазіргі несиенің бағасы 20-25 пайыз. Осындай бағамен өндіріс ашу өте қиын. Екіншіден, жыл сайын мына ережелер өзгереді. Ал енді кәсіпкерге ең бірінші не керек? Осындай ережелер тұрақты болу керек.

← Все новости