Ақтөбені абаттандыруға қаланың кәсіпкерлері жұмыла кірісті. Бұған дейін жергілікті бизнесмен Тұрғындар қалашығы ауданындағы қараусыз жатқан аумақты әп-әдемі саябаққа айналдырып қойғанын айтқанбыз. Бүгін тағы бір кәсіпкер туған қаламызға тартуымыз болсын деп жаңа салған гүлзарды көрсетті. Ескі қаладағы бұл алаңқай қала тұрғындарына жақсы таныс. Бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрына қарама-қарсы жерде тұр. Маңайда қалалық кітапхана, жоғары оқу орны бар. Дәл осы жерге тынығатын орын қажет екенін ақтөбеліктер айтып жүретін.
ЖАҚСЫЛЫҚ ӨТЕБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Бұл жердің аумағы — жалпы мың шаршы метр. Бұл жерде 350 квадраттай жердің брусчаткасын ауыстырдық, бордюр салдық, скамейка, урналар қойдық, декоративный фонарьлар салдық.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарушы билік биыл қалаға 26 тынымбақ салуды жоспарлапты. Бәрі де демеушілердің есебінен жаңғыртылып жатыр. Әкімдік жаңа нысандарды саларда халықтың ұсынысын ескереді. Ал құрылысқа жауапты кәсіпкерлер маңайды абаттандырудан бөлек, көгалдандыруға да мән бергенін қадағалайды.
АЗАМАТ БЕКЕТ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Жер телімдерін қайтару жұмыстары да жүріп жатыр. Қазіргі кезде пайдаланбайтын немесе бағыты келмейтін жерлерді біз қазір қайтарып, осылай халық игілігі үшін скверлерді жасап жатырмыз.