Зейнетақы жүйесінде жаңа ереже. Салымшыларға қаржысын көбейту үшін жаңа схемалар ұсыныла бастады. 7 қыркүйектен бастап азаматтар қордағы жиналған ақшаның бір тиынын да қалдырмай, жеке басқарудағы инвестициялық портфельдерге сенімгерлік басқаруға бере алады. Ал бұған дейін салымшылар қаржысының тек 50%-ын ғана осы мақсатта қолдана алатын. Бұл процестер толық автоматтандырылған. Салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтындағы жеке кабинетіне кіріп, барлық ережемен таныса алады.
ЛӘЗЗАТ ӘМІРҒАЛИЕВА, «БЖЗҚ» АҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПОРТФЕЛЬДІ ТАЛДАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жалпы, басқару компаниялар дегеніміз не? Инвестициялық портфельді басқарушылар — бұл салымшылардың жинақтарын әртүрлі қаржы құралдарына инвестициялау арқылы портфельді құрастыратын арнайы лицензияға ие компаниялар, ұйымдар.
Ал мамандар басқарушы компанияны таңдаған уақытта олардың инвестициялық декларациясына, қаржылық негізгі көрсеткіштеріне және табыс тарихына ерекше назар аудару қажет деп кеңес береді. Олар жиналған қаржыға қол жеткізетін компаниялар толық тексерістен өткенін айтып отыр. Мәселен, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тізілімінде активтерді басқару құқығы берілген 6 компания бар. Егер салымшылардың ақшасына ие болған компания тізімнен шығарылған жағдайда, барлық жиналған активтер Ұлттық Банктің басқаруына беріледі.