Әлемдегі ахуал тұрақсыз. Жер шарының бір бұрышында қарулы қақтығыстардан қан төгіліп жатса, екінші бір құрлықта табиғат тосын мінез көрсетіп, жұртты әбігерге салды. Мәселен, Нигерияда жер мен жайылымға таласқан топтар бейбіт халықты қырды. Ал Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық келіссөздер тығырыққа тіреліп, Газада тағы да жазықсыз жандар құрбан болды.
25 адам қаза тапты. Нигерия
Нигерияның орталығындағы Плато штатында қарулы шабуылдан кемі 25 адам қаза тапты. Қарулы топтың құрбаны болғандардың басым бөлігі бейбіт тұрғындар, әйелдер мен балалар. Бірнеше адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Жергілікті жастар ұйымының өкілінің айтуынша, шабуылды фулани тайпасының малшылары жасауы мүмкін. Жалпы, Плато штатында жер, жайылым және табиғи ресурстарға таласқан диқандар мен малшылар арасындағы мұндай қанды қақтығыстар бұған дейін де бірнеше рет болған. Оның арты көбіне ұлтаралық және діни араздыққа ұласып, жүздеген адамның үйсіз қалуына әкеп соғады. Осыған байланысты жергілікті белсенділер билікті бейбіт халықты қорғай алмай отыр деп айыптады.
Тағы соққы жасады. Палестина
Қарулы қақтығыс Таяу Шығыста да толастайтын емес. Газа қаласының батысындағы теңіз порты маңында жасалған Израильдің әуе соққысынан кемі 6 адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, бейбіт халық демалатын орын қас қағым сәтте қирандыға айналған. Ал дипломатиялық аренадағы жағдай әзірге тығырыққа тіреліп тұр. АҚШ бастаған Израиль мен ХАМАС басшыларымен келіссөз еш нәтиже бермеді. Тараптар өз дегенінен қайтар емес. Израиль әуе шабуылдарын жалғастырып жатқанда, ХАМАС қаруын тастаудан бас тартып отыр. Ұйым өкілдері мұндай қадамға тек Израиль өз әскерін шығарып, шабуылды тоқтатқанда ғана баратынын мәлімдеді.
Төтенше жағдай жарияланды. Чили
Чилидің Антофагаста аймағында толассыз жауған нөсердің арты жойқын лай көшкініне ұласты. Апаттан әсіресе Токопилья муниципалитеті қатты зардап шекті: тасқын су көшедегі көліктерді ағызып, тұрғын үйлерді қиратқан. Ел президенті Хосе Антонио Каст Токопилья провинциясында төтенше жағдай режимін енгізіп, зардап шеккен аймаққа барлық ресурсты жұмылдыруды тапсырды. Ал Чилидің Төтенше жағдайлар агенттігі Антофагаста, Тальталь, Мехильонес және Токопилья аудандарында ең жоғары «қызыл деңгейлі» қауіп жариялады. Қазір апат аймағынан халықты эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.
Жазда қар жауды. Боливия
Оңтүстік Америка құрлығындағы табиғаттың тосын мінезі мұнымен шектелмеді. Чилимен көршілес Боливияда үскірік аяз ұрып, Анд тауларына қалың қар түсті. Қолайсыз ауа райынан Ла-Пас, Потоси, Оруро бастаған бес бірдей аймақ зардап шегіп отыр. Таулы асулар жабылып, тас жолда ондаған жүк көлігі қар құрсауында қалды. Әсіресе Потоси аймағында жағдай мүшкіл. Жайылымды қар басып қалуына байланысты 165 мыңнан астам лама мен қой аштан қырылуы мүмкін. Жергілікті билік төтенше жағдай жариялап, 400-ге жуық отбасыға мал азығын жеткізіп жатыр. Алайда қалың қар мен жолдардың жабылуы құтқару жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіруде.