Саяси бәйгеге санаулы күндер қалды. Тұғырнамасын ту қылып ұстаған партиялар еліміздің әр өңірін аралап жүр. Уақыт аз, жұмыс кестесі тым тығыз. Соған қарамастан Құрылтайдың болашақ депутаттарының бір тобы еңбек ұжымдарымен, енді бір бөлігі жастармен, қалғандары ауыл тұрғындарымен жүздесіп үлгеріп жатыр. Қай-қайсысы болмасын қарашаның үдесінен шығуға тырысуда.
Таразда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері белсенді жастармен және түрлі сала ардагерлерімен алқалы жиын өткізді. Тұрғын үй кезегін жылжыту, жер телімдерін алу, әйелдердің зейнет жасын төмендету жөніндегі ұсыныстар айтылды. Әсіресе жастардың сапалы білім алып, баспаналы болуына және әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға басымдық берілетіні айтылды. Ал Атырауда партияның үгіт-насихат тобы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдерімен кездесті. «Жайлы аула — қауіпсіз қала» тақырыбында өткен жиында қаланы абаттандыру, аулалардың жағдайын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
НҰРАЙНАШ КАМАЛОВА, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Бүгінгі кездесуге Атырау қаласының тұрғындары және ОСИ, КСК өкілдері қатысты. Бұл кездесудегі азаматтар тұрғын үйдің аулаларындағы абаттандыруды қажет ететіндерін айтты және жарықтандыру қажет ететінін, балалар ойын алаңын салу қажеттіліктері туралы айтты.
«Байтақтықтар» Алматыдағы өнеркәсіп саласының мамандарымен кездесті. Жиынға «Байтақ» партиясынан кандидат Алма Қараш қатысып, шаһардағы қордаланып қалған экологиялық мәселелерге тоқталды. Тараптар ауа сапасын жақсарту, қаланы көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау және өнеркәсіптік аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын сөз етті. Басқосуда өндіріс өкілдері партия өкілдеріне өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде «Байтақтықтар» экологиялық тұрақтылыққа жету үшін мемлекет, бизнес және тұрғындардың бірлескен әрекеті маңызды екенін атап өтті.
АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Әрине, кәсіпорындарды да, қарапайым тұрғындарды да бірінші кезекте толғандыратын мәселе — коммуникациялар мен қолайлы жағдай. Бизнесмендер мен кәсіпкерлер үшін де бұл маңызды. Мысалы, индустриялық аймақта су мәселесі бар. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр, алдағы уақытта оң шешімін табады деп үміттенеміз. Сондықтан бизнеспен бірлесе жұмыс істеу қажет.
Республикалықтар Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Мұнда болашақ депутаттар өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналған қауымның ұсыныс-пікірлері мен сауалдарына жауап берді. Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, жаңа бизнес жобаларды іске асыру, инвестиция тарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері кеңінен талқыланды. Партия өкілдері жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың ел экономикасының дамуына белсенді араласуы маңызды екенін атап өтті.
НҰРГҮЛ ТАУ, «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:
Еліміздің барлық аймағын аралап келеміз. Ең соңында Астанамыз ғана қалды. Әр елді мекенге барған сайын әртүрлі азаматтардан үлкен өтініштер түсіп жатыр. Шынымен де, халықпен тікелей кездескен кезде, халықтың ішіне барған кезде қандай проблеманың қордаланып қалғанын түсінесіз. Көбінесе, мысалы, зейнетақыға қатысты сұрақтар болып жатыр.