Әуенді естімесе де, жүрекпен сезініп, ырғақты мүлтіксіз түсінетін жандар бар. Солардың бірі — атыраулық Қаракөз. Туа бітті есту және сөйлеу қабілеті шектелген өнерпаз ым тілі маманының көмегімен әр қимылды зерделеп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Жақында ол «Салтанат» мемлекеттік ансамблімен бірге Өзбекстанда өткен байқауда өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның қайталанбас шеберлігі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы марапаты мен ақшалай сыйлығына лайық деп танылды.
ҚАРАКӨЗ МҰРАТ, БИШІ:
Мен би өнерін жүрегім қалағандықтан таңдадым, өйткені жан дүнием үнемі билеп тұрады. Маған әрбір бидің түпкі төркіні мен сырға толы тарихын тыңдау ерекше қызық. Сол баянды жадымнан өткізіп, ішкі түйсігіммен елестетемін де, бар сырды өз қимылдарым арқылы көрерменге жеткізуге тырысамын.
Ерекше жандардың өнердегі жолын ашып, әлемге танытып жүрген азаматтың есімі — Исатай. Ол елімізде есту қабілеті бұзылған жандарға би әліппесін ым-ишара арқылы үйрететін бірден-бір маман. Бүгінде ол осындай 15 қыздың басын қосып, би үйретіп жүр.
ИСАТАЙ ЕЛЕУСІНОВ, ХОРЕОГРАФ:
Жалпы менің мақсатым және біздің ансамбльдің мақсаты деуге болады, бұл — есту қабілеті бұзылған қыздарды, жастарды осы қоғамға бейімдеу, үйрету. Олардың ешкімнен кем емес екендігін, артық болмаса, олар жай ғана жандар, жай ғана құлағы естімейді. Өздерін қабылдау, өздерін үлкен ортада көрсету. Ешкімнен кем емес екенін соны насихаттау.