Қазақстан электронды үкіметті дамыту көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Бұл туралы елордада өткен Ұлттық сарапшылар форумында Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі мәлімдеді. Соңғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, еліміз 29-орыннан 24-ші қатарға дейін көтерілген. Осылайша, цифрлық инфрақұрылымның әлеуеті артып, мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері де жаңаша сипат алып келеді.
КАТАРЖИНА ВАВЬЕРНИА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:
Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бағытын кеңейте отырып, цифрландыру саласындағы өз орнын нығайтып келеді. Ал экономика құрылымында технологиялық қарқынды өндірістің рөлі артуда. Трансформацияның тағы бір бағыты — жаңартылатын энергетиканы дамыту. Бүгінде бұл көрсеткіш, яғни электр энергиясындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 7 пайызға жетті. Бұл — Қазақстанның энергетикалық жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртып, тұрақты даму моделіне көшудің бір бөлігі.
Жиында білім беру саласындағы өзгерістер де сөз болды. Ғылым және жоғары білім министрі бүгінде Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейтінін айтты. Бұл студенттерге шекара аспай-ақ, халықаралық деңгейдегі білім алуға жол ашып отыр. Сонымен қатар шетелдік жастардың Қазақстанда білім алуына да мүмкіндік кеңейді. Мәселен, қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 92 елден келген 37 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сондай-ақ Саясат Нұрбек бүгінде жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Соның бірі — енді жаңа оқу жылынан бастап мектептерде де осы бағытқа арналған арнайы курс оқытылады.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Осы жаңа оқу жылынан бастап енді бүкіл мектептерде міндетті түрде ЖИ курстары енгізілетін болады. Бұл бірнеше елдерде ғана: Қытай, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ. Осындай КиАй деген бастама қазір ақырындап АҚШ-та мектептерде басталды. Дүниежүзілік жаңартылған адам капиталы индексінде 13 позицияға біз көтерілдік. 42-орынға шықтық. Бұл өте үлкен көрсеткіш.