Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

Әлем жаңалықтары

АҚШ-та ішек инфекциясы өршіп тұр. Мұхиттың арғы бетінде бірнеше айдың ішінде бұл ауру 16 мыңға жуық адамнан анықталды. Тіпті қауіпті вирус Американың 47 штатына таралып үлгерген. Осы уақытқа дейін мың шақты тұрғын медициналық мекемелерге көмекке жүгінген екен. Екі азамат осы кеселден көз жұмыпты. Ал Еуропада мұхит аспақ болған ұшақ шұғыл түрде Лондон әуежайына қонуға мәжбүр болды. Абырой болғанда барлық жолаушы дін аман.

Ыстық аятын емес

Германия. 2026 жыл Еуропа үшін өте ауыр өтіп жатыр. Көктемнен бері Кәрі құрлықтың басым бөлігінде аптап ыстық бір сәтке де басылмады. Қазір барлық елдің министрліктері табиғаттың тосын мінезінен келген адам шығынын есептеп әлек. Бір ғана Германияда санаулы айдың ішінде 14 мың адам көз жұмыпты. Бұл соңғы 10 жыл ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бірақ ғалымдар күн өтіп, қайтыс болған тұрғындардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Құжаттарға сәйкес, ауа температурасының күрт көтерілуі қарттарға ауыр тиген. Аймақта 85 жастан асқан 7 мың қария келмеске кетіпті. Сондай-ақ аптап ыстықтан Германия ауруханаларының өзінде салқындату жүйелерінен ақау шыққан. Енді мамандар осы мәселені шешу жолын қарастырып жатыр.

Трамп шешімін тапты

АҚШ. Трамптан айла артылмай тұр. Ормуз бұғазы үшін Иранмен келісімге келе алмай жатқан Ақ үй басшысы стратегиялық қадам жасады. Президент даулы аймаққа кірмей-ақ, Жерорта теңізіне өтетін су жолын тапты. АҚШ мұнай тасымалына маңызды аймақ ретінде Оманды таңдапты. Сұлтанат жағажайынан құпия дәліз ашылған. Ол жерден тәулігіне қара алтынға лық толы 15-20 танкерге дейін өте алады. Ал Араб теңізінің акваториясындағы жағдайды бақылауға Иранның техникалық мүмкіндігі жетпейді екен. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, осы қарқынмен Трамп аз ғана уақыттың ішінде Еуропа елдеріне 10 млн баррель мұнай жеткізе алады. Бұл халықаралық қауымдастық қажеттілігінің жартысына тең. Десе де, Ақ үй Ислам сақшылары революциясы корпусынан бәрібір сескеніп отыр.

Індет өршіп тұр

Конго ДР. Әлемдегі ең кедей елдердің бірінде жағдай күннен-күнге ушығып барады. Конго Демократиялық Республикасының халқын Эбола індеті әбден титықтатты. Жергілікті биліктің вируспен күресуге шамасы жетпеген соң, шенділер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр. Халықаралық қауымдастық африкалықтарға 70 мың дана вакцина жөнелтетін болды. Десе де, екпенің Заирда таралып жатқан «Бундибигио» вирусына шамасы жететіні әлі тексерілмепті. Әуел баста бұл Эболаның басқа штамына арнап әзірленген көрінеді. Мамандар вакцинаны індет ошағында ауырып жатқан азаматтарға салып, тәжірибе жүргізіп көреді. Ал қалған препараттар кеселмен алдыңғы шепте күресіп жүрген дәрігерлер мен қызметкерлерге арналған. Болжамға сәйкес, 235 млн халық қоныстанған аймақта қауіпті дерт жабысқан 5 мың дерек анықталды.

Бразилия қара жамылды

Бразилия. Бразилия қара жамылды. Оңтүстік Американың ең ірі елінде жол апаты болды. Жолаушыларға лық толы автобус жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан 23 адам опат болып, тағы 5 тұрғын жарақат алды. Қайғылы оқиға Парана штатындағы жолдардың бірінде тіркелді. Авариядан ауыр техниканың жүргізушісі де көз жұмды. Алдын ала деректерге сәйкес, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, қоғамдық транспортпен түйіскен. Ал автобус елдің денсаулық сақтау департаментіне тиесілі екен. Оның салонында Имбитува қаласының медициналық қызметкерлері, науқастар мен олардың туыстары отырған. Қайтыс болғандардың арасында екі бала да бар. Оқиғаға байланысты жергілікті билік алдағы үш тәулікті аза тұту күні деп жариялады.

← Все новости