Қызылорда облысында 105 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров өз таңдауын жасады. Қарт майдангерді сайлау учаскесінде сән-салтанатымен күтіп алды. Бүгінде Яхия Тасыров — Ұлы Отан соғысының өңірдегі жалғыз ардагері. Ғасырдан асқан қария ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділігін көрсетті. Майдангер елдің тұрақтылығы мен болашағы үшін әр азаматтың өз таңдауын жасауы маңызды екенін жеткізді. 105 жастағы ардагердің сайлауға қатысуы — ел тағдырына бейжай қарамаудың жарқын көрінісі. Оның азаматтық ұстанымы мен ақ батасы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, қоғамдық өмірге белсенді араласудың маңызын айқындай түсті. Ақсақал жиналғандарға батасын беріп, ақжарма тілегін де ақтарды.
ЯХИЯ ТАСЫРОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Тілегіміз ақ болсын, көңіліміз шат болсын! Ер азамат жиналған жерлеріне бақ қонсын. Қыдыр болсын жолдасың, әулиелер қолдасын. Барша қазақ еліне бақ-береке орнасын!