Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 3 просмотра

Құрылтайға қадам: Президенттің таңдауы

Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Тәуелсіздік сарайына келіп, таңдауын жасаған Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бюллетеньді қорапқа салған соң, баспасөз алаңында журналистердің сұрағына жауап берді. Президент партиялар арасындағы әділ әрі ашық тартыс пен бұрынғыдан өзгерек болған бәсекеге оң бағасын берді. Арғысын әріптесім баяндасын.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Тәуелсіздік сарайындағы №520 сайлау учаскесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, өз таңдауын жасады. Бүгін — тұтас ел үшін тарихи күн. Саяси жаңғыру жолының жаңа кезеңі басталып жатыр.

Мемлекет басшысы дауыс берген соң осы сайлаудың маңыздылығын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, бүгін — еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл — маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау — осы жұмыстың бастауы ғана.

Дауыс беру рәсімінен кейін Президент БАҚ өкілдерімен тілдесіп, журналистердің сұрағына жауап берді. Сөз арасында Мемлекет басшысы вице-президент лауазымына қатысты да пікір білдірді.

Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Бүгін Президент брифинг барысында үкіметтің жұмысына қатысты сұраққа осылай жауап берді. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің отставкаға кететінін және құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты.

Бір ай саяси бәсеке қызу болды. Партиялар ашық әрі әділ тартысқа түсті. Мұның бәрін Президент те қарап, байқап отырған. Өз бағасын берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.

Бұл сайлау учаскесіне Президенттен бөлек, қарапайым тұрғындар да көп келді. Солардың бірі — информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Русланұлы. Балаларын азаматтық жауапкершілікке баулу үшін дауыс беруге бірге алып келген ол Мемлекет басшысымен күтпеген жерден жүздесті.

НҰРЖАН РУСЛАНҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Отбасымызбен келіп, дауысымызды бердік. Өсіп келе жатқан ұрпаққа жол көрсетіп, Президентпен бірге дауыс беру бұйырғанына өте қуаныштымыз. Еліміз тәуелсіз болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Президент микрофонға келген тілшінің бәріне толыққанды жауап берді. Өзекті тақырыптар қамтылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл шын мәнінде тарихи күн. Өйткені Қазақстанның жаңа кезеңі басталып жатыр.

← Все новости