Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 20 просмотров

Жаһандағы өзге де оқиғалар

Еуропаға не болған? Мәдени және тарихи мұраларды көзінің қарашығындай сақтайтын елдер жәдігерлерді бірінен соң бірін жоғалтып жатыр. Францияның атақты Лувр музейіндегі ғасыр ұрлығынан көп уақыт өткен жоқ еді. Бұл жолы Испанияның басы дауға қалды. Корольдіктің Археологиялық мұражайында «Вильена қазынасы» деп аталатын құнды ыдыс-аяқтар қолды болды. Қылмыскерлер арнайы операцияға бар-жоғы 4 минут қана жұмсапты. Ғимаратта дабыл жүйесі іске қосылғанымен, қаскөйлер ізін суытып үлгерген.

ЕРДОҒАН ТУРАЛЫ ДАҚПЫРТ ТАРАТТЫ

Миллиондаған қаралым жинаймын деп айыпты болды. Сенсациялық тақырыппен мақала жариялаған түркиялық газеттің басы дауға қалды. Айдын қаласының жергілікті басылымы Facebook желісінде қара фонмен «Ердоған қайтыс болды» деп кликбейт жариялаған. Сөйтсек, мақала Гүлшен Ердоған есімді келіншек туралы екен. Ал марқұм әйел бауырлас елдің президенті Режеп Тайыппен ешқандай туыстығы да жоқ, бірақ тегі бір болып шыққан. Қоғамды дүрліктірген оқиғаға көп ұзамай Айдын провинциясының прокуратурасы назар аударды. Ал құзырлы орган бірден Қылмыстық кодекстің 217-бабымен іс қозғады. Тергеу барысында елді шулатқан газеттің басшысы, жауапты редакторы мен тілшісі қамауға алынды.

ҚҰРБАНДАР САНЫ АРТТЫ

Бір айналдырса, шыр айналдырады. Гималайдағы тау көшкінінен соң Қытай мен Непалдың шекарасында алып көлшік пайда болды. Аумағы бірнеше шаршы шақырымға созылған су айдыны енді арнасынан асайын деп тұр. Жаңа бір апаттан секем алған құтқарушылар халықты эвакуациялау жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. «Гардиан» басылымының дерегінше, қауіпті аймақта таудың етегіне жақын жайғасқан аудандар бар. Жергілікті биліктің ескертуінен соң тұрғындар үйлерін тастап, бас сауғалап кетті. Сондай-ақ мамандар зардап шеккен елді мекендерге тікұшақпен де қатынай алмай отыр. Себебі кез келген уақытта сел жүруі мүмкін. Табиғи апаттан Непалда 826, Тибетте 558 адам із-түссіз жоғалған. Олардың 500-ден астамы туристер екен. Ал таулы көшкіннен опат болғандардың саны 470 адамнан асып жығылды.

ТУРИСТЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙТІЛДІ

Таиланд билігі елдерінде тәртіп орнатуға мықтап кіріскен сияқты. Таи корольдігі енді есіріп, халықтың мәдени және рухани құндылықтарын сыйламаған туристерді мемлекеттен депортациялау ережесін жеңілдетіп жатыр. Оңтүстік-шығыс Азиядағы ең ірі елдердің бірінде бүгіннен бастап арнайы заң күшіне енді. Сондай-ақ мемлекет аумағында заңсыз жұмыс істеп жүргендер, тыйым салынған кәсіппен айналысқандар, жалған құжат жасатқандар да дереу үйлеріне қайтарылады. Онымен қоса тәртіпке бағынбаған шетелдіктерге Таиланд аумағына кіруге мәңгілікке тыйым салынады. Айта кету керек, депортацияланатын азаматтың жол шығынын қабылдаушы елдің билігі көтереді.

ТРАМПТЫҢ ЖАУЫ КӨБЕЙДІ

Дональд Трамп шүйлікпеген кім қалды? Ақ үй басшысы теріскейдегі құдайы көршісімен дауласамын деп, тағы бір маңызды шешім қабылдады. АҚШ президенті Онтарио айдынының өздеріне тиесілі бөлігінің атын «Америка көлі» деп ауыстыру туралы заңға қол қойды. Тіпті тиісті ереже бірден күшіне енетін көрінеді. Канадалық мамандардың сөзінше, мемлекет басшысы өз аумағындағы су айдынының атын өзгертуге құқығы бар екен. Бірақ Канада үшін көл Онтарио болып қала береді. Бұл жағдай Трамптың былтыр қабылдаған тағы бір бастамасына ұқсас. Ол уақытта президент оңтүстіктегі көршісімен келісімге келе алмай, 16 ғасырдан бері атауы тұрақталып қалған «Мексика шығанағының» атын ауыстырып тастаған еді.

← Все новости