Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

АҚШ vs Иран: алыптар айқасы немен аяқталады?

Вашингтонның энергетикалық ықпалы тек Латын Америкасымен шектелмейтіні анық. Дәл қазір Таяу Шығыста, яғни әлемдік мұнай тасымалының күретамыры саналатын Парсы шығанағында да жағдай ушығып тұр. Шиеленіс салдарынан қазір аймақта 400-ге жуық кеме мен 6 мыңдай теңізші қоршаудан шыға алмай қалды. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, қақтығыс басталғалы кемелерге 70 рет шабуыл жасалып, 19 теңізші қаза тапқан. Ұйым басшылығы бұл жағдай жаһандық тауар және жанармай тасымалын тежеп, әлем экономикасына соққы болып жатқанын ескертті. Бұл тығырықтың басты себебі — АҚШ пен Иран арасындағы сауда соғысы. Ормуз бұғазында қатаң бақылау орнатқан Тегеранға Құрама Штаттар санкциямен жауап қатты. Тіпті Америка билігі Иранмен сауда қатынасын үзбеген өзге елдерге де жаза қолдануды көздеп отыр.

АЙБЕК ҚОСАН, ЖУРНАЛИСТ:

Әлемдік энергетиканың күретамыры саналатын Ормуз бұғазында кеме қатынасы кілт тоқтаған. Жер-жаһандағы мұнайдың бестен бірі өтетін стратегиялық дәліз бүгінде саяси сауданың басты құралына айналды. Мамыр айынан бері саусақ бүгіп санасақ, тәулігіне орта есеппен 14 кеме өткен бұғаздан қазір небәрі екі алып танкер ашық мұхитқа шығады.

Иран мен Оман жаңа қауіпсіз теңіз бағытын ашу және табысты бөлу жөнінде бір ай келіссөз жүргізген. Алайда Тегеран АҚШ бітімшарттарын толық орындамайынша, бұғаз ашылмайтынын мәлімдеді. Бұл жағдай Еуропада жанармай бағасын аспандатты. Еуростат дерегінше, соңғы бір айда бензин мен дизель бағасы 17 пайызға қымбаттаған. Германия, Румыния, Литва және Болгарияда өсім 22 пайызға жетті. Сарапшылардың айтуынша, Таяу Шығыстағы саяси дағдарыс шешілмейінше, мұнай бағасы құбылып тұрады. Ал мұнайдың қымбаттауы Қытай арқылы бүкіл әлемге инфляциялық қысым әкелуі мүмкін.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Мұнай бағасының қымбаттауы АҚШ-қа қатты әсер етеді. Әртүрлі салалардың энергетикаға тәуелді болуы ол жерде бағаның қымбаттауына әкеледі. Еуропа да қара алтынға мүдделі. Ол жерде де баға қымбаттап барады. Қытайды білесіздер, мұнайдың басым бөлігін осы елдің кәсіпорындары тұтынғандықтан, егер оларға мұнаймен қымбатқа барса, инфляция туындатады. Яғни Қытайдан шығатын тауар қымбаттайды. Бұл дамыған және дамушы елдердің экономикасына кері әсер етеді. Бұл әлемдік инфляцияға жол ашады.

Ормуздағы энергетикалық іркіліске жауап ретінде Ақ үй «Экономикалық оқшаулау» операциясын іске қосты. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент жаңа санкциялық доктринаны жариялап, Иранмен сауда байланысын үзбеген мемлекеттерді долларлық қаржы жүйесінен шеттетеміз деп сес көрсетті.

СКОТТ БЕССЕНТ, АҚШ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Әрбір ел, әрбір ұйым АҚШ санкцияларына дайын болу керек екенін түсінуі тиіс. Бұдан ешкім жоғары тұрмайды. Біз барлығын жауапкершілікке тартамыз. Бұл Иран режимін экономикалық тұрғыдан тұншықтыру.

Бессенттің бұл мәлімдемесінің астарында, ең алдымен, халықаралық қаржы институттарына бағытталған екінші деңгейлі санкциялар жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Иранмен байланысы бар кез келген шетелдік ұйымды АҚШ-тың қара тізіміне енгізуге жол ашады.

ДЭВИД ЛОУДЕР, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШОЛУШЫ:

Ол жаңа санкциялық режимді сақтамағандарға екінші деңгейлі шектеу енгізілетінін ескертіп отыр. Бұл Иранмен бизнес жүргізуді жалғастыратын ұйымдар АҚШ Қаржы министрлігінің қара тізіміне, арнайы белгіленген тұлғалар тізіміне енгізіледі деген сөз. Мұндай тізім олардың доллармен операция жүргізу мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Ал ірі компаниялар, әсіресе үлкен банктер үшін бұл өлім жазасымен тең.

АҚШ-тың бұл әрекетінен Иранның басты экономикалық серіктесі — Қытай үлкен соққыға ұшырайды. Өйткені Бейжің Иран мұнайының 90 пайызға жуығын сатып алатын негізгі тұтынушы. Алайда сарапшылар алдағы айда күтіліп отырған Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіссөзі қарсаңында Вашингтон қытайлық банктерге тікелей санкция салудан қаймығады деп санайды. Себебі Бейжің жауап ретінде әлемдік өндіріс үшін аса маңызды минералдар мен фармацевтика экспортын шектеп тастауы ықтимал. Сондықтан Қытай билігі қатаң экономикалық қысымды айыптап отыр.

ЛИНЬ ЦЗЯНЬ, ҚЫТАЙ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Санкциялар мен қысым мәселені шешпейді, шиеленісті одан әрі ушықтырады. Бұл ешкімнің мүддесіне сай келмейді. Қытай тараптарды ұстамдылық танытып, әлемдік экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін қадамдардан аулақ болуға шақырады. Біз диалог пен бейбіт келіссөздерге тезірек оралуға шақырамыз.

Вашингтонның долларлық доқ көрсетуіне Тегеран абдырай қойған жоқ. Керісінше, Иран билігі «экономикалық агрессияға» төтеп беруге толық дайын екенін және ірі сауда серіктестері АҚШ қысымына бой алдырмайтынына сенімді.

ӘЛИ МАДАНИЗАДЕ, ИРАННЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Бұл санкциялар біз үшін жаңалық емес. АҚШ-тың бұл әрекетінен еш нәтиже шықпайды. Біз мұны көптен бері күттік және америкалықтардың жоспарынан хабардар болдық. Біздің үкіметтің екі жылдық жоспары бар, сондықтан біз бәріне дайынбыз. Бұл ойынды қалай жүргізу керектігін жақсы білеміз.

Экономикалық қысым басты қаруға айналғанымен, Пентагон әскери шабуыл сценарийін күн тәртібінде ұстап отыр. Ақ үй оқшаулау саясатының өзі Иранға ауыр соққы боларын айта келе, қажет болған жағдайда Ормуз бұғазында ғана емес, жалпы Иран аумағында әскери күш қолдануға дайын екенін ашық ескертті.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Егер соққы жасау қажет болса, тартынып қалмаймыз. Егер Иран өз мүмкіндігін асыра бағалап, ақымақтық танытса немесе америкалық әскери күштердің ісіне араласуға кіріссе, біз қажетті шара қолданамыз. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, қазір экономикалық қысым оларға барынша ауыр тиіп жатыр. Әрине, біз Ормуз бұғазында немесе Иранның кез келген аумағында күш қолдану арқылы соққы жасау мүмкіндігін ешқашан жоққа шығармаймыз.

Пентагон басшысының бұл сесіне Тегеран дереу жауап қайтарды. Иран тарапы Құрама Штаттардың әскери риторикаға қайта оралуын дәрменсіздік, тығырыққа тірелгенінің айқын көрінісі деп бағалап отыр.

АББАС АРАКЧИ, ИРАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

АҚШ-тың әскери қоқан-лоқы көрсеткеннен кейін ескі жоспарына қайта оралуы олардың тығырыққа тіреліп, Иранға қатысты не істерін білмей отырғанын көрсетеді. АҚШ Иран халқымен құрметке негізделген диалог жүргізіп, әділ әрі абыройға сай шешім іздеуі керек.

Алпауыттар арасындағы бұл текетірестің жаңғырығы Қазақстан экономикасын да айналып өтпейді. Геосаяси қақтығыс салдарынан туындаған әлемдік инфляция, әсіресе басты сауда серіктесіміз — Қытай нарығындағы бағаның өсуі біздің ішкі нарыққа тікелей қауіп төндіреді. Өйткені отандық сауда сөрелеріндегі тауардың басым бөлігі шетелден келеді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Біз импортқа тәуелдіміз. Біз Қытайдан, басқа да елдерден келетін тауарларға тәуелді болғандықтан, бізге ол жақтан тауар қымбатқа келетін болса, инфляциясын да қоса сатып аламыз. Біздегі азаматтардың тұтынушылық әлеуеті азаюы мүмкін. Неге? Біз экономиканы әлі күнге әртараптандыра алмадық. Біз үшін бұл дабыл болу керек. Ішкі ресурстарымызды пайдаланып, өзіміз тұтынатын елге айналғанда ғана сыртқы факторлардан қорықпайтын боламыз.

Геосаяси амбициялар мен санкциялық қысымдар шегіне жеткен тұста, халықаралық қауымдастық әдеттегідей қақтығысты дереу тоқтатып, бейбіт келісімге келуге шақырып отыр. БҰҰ Бас хатшысы арандатушылық мәлімдемелер мен жаңа шектеулердің ғаламдық энергетика мен азық-түлік логистикасына тигізер зардабын ескертті.

МАДЖЕД ӘЛ-АНСАРИ, ҚАТАР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының емес, көпжақты санкциялар да емес, біржақты санкциялар екенін ескерейік. Біз үшін әрдайым келіссөздер арқылы дипломатиялық шешімге қол жеткізу басымдық болып келді. Тараптарды келіссөздерге және Қатар, Пәкістан мен басқа да аймақтық елдер жүргізіп отырған делдалдық процеске толыққанды қатысуға шақырамыз. Біз мұны осы дағдарыстан шығудың жалғыз жолы деп санаймыз.

Алпауыттардың араздығының салдарын қарапайым халық көріп отыр. Халықаралық валюта қорының болжамынша, санкциялар толық күшіне енсе, Иранның жалпы ішкі өнімі 5 пайызға қысқарып, онсыз да шарықтап тұрған инфляция одан әрі өршімек. Жарты жылға жуықтаған әскери және экономикалық текетірестен титықтаған тұрғындар кімнің жеңіске жететініне емес, бұл белгісіздіктің қашан аяқталарына алаңдаулы.

СЕТАЙЕШ, ИРАН ТҰРҒЫНЫ:

Мен санкцияларды да, соғысты да қолдамаймын. Өйткені екеуі де біздің өмірімізге кері әсер етіп, инфляцияның өсуіне әкеледі. Жағдайды жақсартудың жалғыз жолы — келіссөз. Алайда бұл шешімге қос тараптың да келгісі келмейтін сияқты.

Таяу Шығыстағы текетірес әлемдік экономиканы теңселтіп тұр. Ормуз бұғазындағы белгісіздік пен долларлық құрсаудың зардабы тек екі мемлекетпен шектелмей, тұтас құрлықтарға жайыла бастады. Саяси амбициялар мен экономикалық мүдделердің бұл шахмат ойынында кімнің «мат» қояры әзірге белгісіз. Бір анығы, алыптар айқасы ұзаққа созылған сайын оның құнын мұнай мен импортқа тәуелді мемлекеттер және бейбіт өмірді аңсаған қарапайым халық төлей бермек. Дипломатиялық келіссөздер нәтиже бере ме, әлде дағдарыс жаңа белеске шыға ма — оны енді уақыт көрсетеді.

← Все новости