Астанада маңызды жиын, қабылдау өткізген саяси ауыс-түйістерден соң Мемлекет басшысы Бішкекке ұшып кетті. Президент Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровтың шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына қатысады. Қазақстан Президентін «Манас» халықаралық әуежайынан Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы — Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылуына барады. Былтыр еліміз абыроймен өткізген жаһандық жарысты биыл Қырғыз елі ұйымдастырып жатыр.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Дәл қазір Бішкектегі «Бішкек Аренада» VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі басталғалы тұр. Ауқымды шараға 20-дан астам мемлекеттің басшысы қатысады. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Ал дүбірлі додада әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылар бақ сынайды. Айта кетейік, биылғы халықаралық іс-шара Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан ашылу салтанатының ауқымы айрықша болады деп күтілуде.