Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Президент екі жақты кездесулер өткізді

Бішкекте өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Мемлекет басшысы әріптесіне Қазақстандағы саяси реформалар мен тұңғыш бір палаталы Құрылтай сайлауының қорытындысы жайлы айтып берді. Сондай-ақ сайлауға байланысты білдірген жылы лебізі және әзербайжандық байқаушылардың белсенділігі үшін әріптесіне алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің тарихында бұл сайлау тұңғыш рет халықаралық ұйымдар тарапынан бірауыздан оң бағаға ие болды. Құрылтай Әзербайжан Парламенті — Милли Мәжіліспен белсенді жұмыс істеуге ниетті. Мен өз тарапымнан осы бағыттағы ынтымақтастықты барынша қолдаймын.

Ильхам Әлиев Қазақстандағы реформалардың ауқымы мен маңызын жоғары бағалады. Тараптар сауда, инвестиция, көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін де талқылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ресей басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Президенттер екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайту мәселелеріне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі деп атады.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар.

Кездесу соңында мемлекеттер басшылары бірлескен жобаларды жүзеге асырудың алдағы жоспарын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

← Все новости