Тәртіп сақшысын өз үйінде өлтіріп кеткен. Қызылорда облысы Арал қаласында қанды қылмыс жасалды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал кезінде учаскелік инспектор ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның денесі тұрғын үй ауласындағы гараждан табылыпты. 38 жастағы азаматтың тәнінде түрлі жарақаттар бар көрінеді. Алдын ала ақпар бойынша, полиция қызметкері күдіктіні осыған дейін бірнеше мәрте отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Кикілжіңге себеп осы болуы мүмкін.
БАУЫРЖАН СӘУЛЕБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаттары салынып, соның салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған. Қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды, оны ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда.