Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 15 просмотров

Банктер ставкасын төмендете ме?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті. Енді ол бұрынғыдай 16,75 пайыз емес, 16,25 пайыз деңгейінде болады. Бұл жаңалық біраз елді елең еткізгені анық. Өйткені көпшілікті бұл өзгеріс екінші деңгейлі банктерге қалай әсер ететіні қызықтырады. Бұған басты банктің төрағасы брифинг барысында жауап берді. Тимур Сүлейменовтің пайымынша, базалық мөлшерлеменің түсуі қаржы ұйымдарының несие саясатына бірден әсер ете қоймайды. Оған уақыт керек. Ал бұған дейін алынған ұзақ мерзімді кредиттердің пайызы сол күйінде қалады, деді ведомство басшысы.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз бүгін базалық мөлшерлеме бойынша маңызды шешім қабылдадық. Кредиттеу мәселесіне келер болсақ, бұған дейін жасалған келісімшарттағы құқықтарыңыз бен міндеттемелеріңіз сақталады. Яғни келісім қайта қаралмайынша немесе қарыз толық өтелмейінше өзгермейді. Қазір біз макро және микроқаржылық реттеу бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Соған сәйкес, соңғы жылдары банктердің табысы да төмендеп кеткені рас. Бірақ қазір қайтадан қалпына келіп жатыр.

Сүлейменов базалық ставканы төмендетуге сеп болған факторларды да атады. Соңғы 11 ай бойы теңгеміз тегеурін танытып, құнын бермей отырған көрінеді. Осылайша жылдық инфляция қарқыны төмендеп, тамыз айында 9,8%-ке дейін баяулаған.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұған жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және инфляцияға қарсы Үкіметпен бірлесе қабылдаған шаралар әсер етті. Дегенмен тәуекелдер балансы проинфляциялық аймақта сақталып отыр. Осыған байланысты ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары әрі қарай сақталғаны жөн. Ұлттық Банктің басты міндеті өзгеріссіз қалады – инфляцияның орнықты төмендеуін қамтамасыз етіп, оны орта мерзімде 5% нысаналы деңгейде тұрақтандыру.

Сондай-ақ базалық мөлшерлеме әлі де төмендей ме деген сауал назардан тыс қалмады. Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы атағандай, мұндай мүмкіндік шектеулі. Себебі экономикада инфляцияны күшейтуі ықтимал факторлар сақталып отыр.

← Все новости