Көлік жүріп, ұшақ көтеріліп, кәсіпорындар жұмыс істеу үшін қажет мамандық. Мұнайшылар елді күн сайын жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Сол үшін мерекеде де, демалыста да, тіпті түнде де еңбектенеді. Біз үшін жай ғана бір литр бензиннің артында күрделі өндіріс пен мыңдаған маманның еңбегі тұр.
Қысым қалыпты, температура бақылауда, технологиялық процесс белгіленген параметрлерге сай жүріп жатыр. Операторлық бөлмедегі экрандарда ондаған көрсеткіш бар. Олардың әрқайсысын каталитикалық крекинг қондырғысының мамандары жіті қадағалайды. Солардың бірі – 61 жастағы Аппаз Керембердиев. Ол мұнай өңдеу зауытында 33 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде өндірістің технологиясы адам танымастай өзгергенін айтады.
АППАЗ КЕРЕМБЕРДИЕВ, КАТАЛИТИКАЛЫҚ КРЕКИНГ ҚОНДЫРҒЫСЫНЫҢ МЕХАНИГІ:
Қондырғылардың қаншалықты өзгергенін көрдім. Бұрын көп нәрсе механиктің тәжірибесіне байланысты болатын. Құрылғының дыбысына, діріліне, жұмысына, сыртқы көрінісіне қарап ақауды анықтай алатынбыз. Ал қазір цифрлық технологиялар жабдықты нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ауытқуларды алдын ала көріп, ықтимал апаттарды болдырмауға болады.
Алайда монитордағы көрсеткіштердің артында қондырғыда не болып жатқанын түсініп, кез келген олқылықты дер кезінде ретке келтіретін мамандар тұр. Ал бұл жерде тәжірибелі кадрлардың ізін басып келе жатқан жас буын да бар. 23 жастағы Рахат Абылайхан – технологиялық университеттің түлегі. Кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне небәрі бір жарым жылдан асқанымен, қазірдің өзінде технологиялық процеске тікелей атсалысады.
РАХАТ АБЫЛАЙХАН, ТЕХНИКАЛЫҚ ОПЕРАТОР:
Менің басты жұмысым – технологиялық процесті басқару. Ішіндегі технологиялық параметрлерді, физика-химиялық параметрлерді басқару. Давление, температура, қысым, барлық жұмыс дұрыс жүруі үшін техникалық пультінде жұмыс істейді. Керек болса, тәжірибе арттырып, сыртта да жұмыс жасай аламыз.
Көпшілігі жанармай бекетіндегі дайын отынды ғана білгенімен, артындағы мұнайшылардың қыруар жұмысын елей бермейді. Алайда оның көлік багына құйылғанға дейінгі жолы ондаған технологиялық операциядан өтеді. Әр кезеңге жауап беретін мамандардың еңбегі орасан. Биыл да мұнай-газ саласының қызметкерлері кәсіби мерекесін қыркүйектің алғашқы жексенбісінде атап өтеді.