Әңгіменің әлқиссасын осы аптадағы еліміздің саяси өміріндегі тарихи өзгерістерімен бастайық. Ең басты жаңалық – жаңарған Конституция негізінде Қазақстанда Вице-президент лауазымы енгізіліп, бұл жауапты қызметке Ерлан Қарин тағайындалды. Ал Үкімет тізгіні қайта Олжас Бектеновке сеніп тапсырылды. Дегенмен министрлер кабинетінде ішінара кадрлық ротация бар. 21 ведомство басшысының төртеуі ауысты. Атап айтсақ, Сыртқы істер министрлігіне Мұхтар Тілеуберді келсе, Экология және табиғи ресурстар министрі болып Әлібек Қуантыров бекітілді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізгіні Арман Қырықбаевқа бұйырды. Ал Төтенше жағдайлар министрлігіне Мұрат Мұханов тағайындалды. Үкімет басшысының орынбасарлар корпусында сабақтастық сақталды. Алты вице-премьердің бесеуі, соның ішінде бірінші орынбасар Нұрлыбек Нәлібаев, Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, сондай-ақ Қанат Бозымбаев, Серік Жұманғарин және Жаслан Мәдиевтер өз қызметін жалғастырады. Тек бұған дейін вице-премьер болған Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына ауысты. Аптаның тағы бір елеулі шешімі аймақтарға қатысты. Елдегі стратегиялық маңызды өңірлердің бірі – Алматы облысына жаңа әкім келді. Бұл қызметке бұған дейін бас құтқарушы болған Шыңғыс Әрінов тағайындалды. Өзге өңір басшыларына қатысты шешім алдағы аптаның еншісіне қалдырылғандай.