Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 20 просмотров

Жолдаудағы тапсырмалар қалай жүзеге асырылып жатыр?

Жылудан ада үйлер, істен шыққан кәріз жүйесі мен тоз-тозы шыққан құбырлар. Елдегі инженерлік инфрақұрылымның жағдайы пұшайман екені жұртқа мәлім. Түйіні көп мәселені түбегейлі шешу үшін билік ауқымды жобаны қолға алған. Алдағы жылдары мыңдаған шақырым желі мен ондаған су қоймасы қайта жөндеуден өтеді екен.

Тозығы жеткен құбырлар мен ескірген инженерлік желілерді жаңарту — бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Президент былтырғы Жолдауында коммуналдық салада жылдар бойы қордаланған проблемаларды ашық айтып, бұл ахуалды шұғыл түрде өзгертуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын Үкімет бірден назарға алды. Енді коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға алдағы жылдары 13 триллион теңге инвестиция тартылмақ. Осылайша, жауаптылар желілердің орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкцияланып, олардың тозу деңгейі 43%-ға дейін төмендейді. Инженерлік желілерді жаңғырту су бұру жүйесінің негізгі объектісі — кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүруі тиіс. Ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 800 млрд теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту жобасын жүзеге асыру көзделген.

Энергетика саласында да ауқымды жұмыс қолға алынды. Жауапты министрліктің айтуынша, 2029 жылға дейін 77 мыңнан аса шақырым электр мен 2 мыңға жуық километр жылу желісі жаңартылып, тозу деңгейі тиісінше 42 процентке дейін төмендетіледі.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

2027 жылы шамамен 825 МВт жаңа қуатты іске қосу жоспарлануда, оның ішінде Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газ-турбиналық қондырғыны және «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарлануда.

Жаңғырту тек құбыр мен желілерді ауыстырумен шектелмейді. Осы тұста су ресурстарын тиімді басқару үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15-ін реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар 23 мыңнан астам су нысаны цифрландырылып жатыр. Бұл айдындарды тиімді бақылап, тіршілік көзінің ысырап болуын азайтуға мүмкіндік береді.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының су саласындағы тапсырмаларын іске асыру стратегиялық және нормативтік базаны қалыптастыру кезеңінен инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуға және су ресурстарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу кезеңіне өтті. Келесі кезеңнің негізгі міндеті — жоспарлы көрсеткіштерден нақты нысандарды уақытылы аяқтауға көшу және су қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, экономика мен ел халқы үшін тұрақты практикаға қол жеткізу.

Сала мамандарының айтуынша, ендігі басты мақсат — басталған жұмыстарды соңына дейін сапалы жеткізіп, жаңадан іске қосылған жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін қадағалау. Себебі су мен жылудың, жарық пен кәріз жүйесінің сапалы болуы халықтың жайлы тұрмысы мен ел экономикасының тұрақтылығы үшін өте маңызды.

← Все новости