Қазақтың төл спортына қызығушылық артып келеді. Бүгінде елде ұлттық спортпен шұғылданатындардың қатары 8 миллионнан асқан. Бұл бағытта арнайы мамандар даярланып, инфрақұрылым да кеңейіп жатыр. Ақордада Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттаған Президент оны ары қарай дамыту Үкімет пен әкімдіктер үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Президент бұл нәтижені ұлттық спорттың мерейін өсірген тарихи жетістік деп атап өтті. Дәл қазір жанымда Көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Аружан. Көңіл күйіңіз қалай?
АРУЖАН ИХСАН, ЖҮЛДЕГЕР:
Өте жақсы көңіл күйдемін. Бұл спортқа келгеніме көп болған жоқ. Алматыдан іріктеуден өтіп, Көшпенділер ойынына қатыстым. Жүлдеге таласасың ғой, бірақ осындай жетістік, жүлделі боламын деп ойламадым. Барынша тырыстым. Венгр елінен бір ұпайға есе жіберіп алдым. Сөйтіп, екінші орынға да шүкір дедім.