Аттың құлағында ойнап, жебені жігермен тартып, қара күшін білекке жинаған қыз-жігіттер Президенттен марапат алды. Көрші Қырғыз елінде өткен Көшпенділер ойынында төбемізді көкке жеткізген спортшылардың қарасы көп. Алтыннан алқа тағып, күміс пен қоланы ерен еңбекпен еншілегендердің өздері де мәз-мейрам.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Бішкекте көк туымызды биікке көтерген спортшылар бүгін Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Ұлттық құрама 74 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл құрмет жүлдегерлерге ғана емес, жеңістің артында тұрған жаттықтырушыларға да көрсетілді.
Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Президент жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың бұл табысқа табандылық, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін айтты. Сондай-ақ байрақты бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастырған бауырлас қырғыз еліне алғыс білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Көшпенділер ойындарының басты миссиясы – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту болды. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осы орайда Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәртебесі, ауқымы мен абыройы ортақ.
Мемлекет басшысы ұлттық спортқа қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Қазір елімізде дене шынықтырумен тұрақты айналысатын азаматтардың саны 8 миллионнан асқан. Президенттің сөзінше, бұл – халқымыздың салауатты өмір салтын таңдағанының айқын көрінісі. Дегенмен осы жетістікпен шектелмей, төл спорт түрлерін одан әрі дамыту қажет.
АЯШ КАБДОЛЛАЕВА, ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН АЛТЫН ЖҮЛДЕГЕР:
Үш раундта да есеп тең болды. Содан кейін бізге тағы бір мүмкіндік берілді. Сол кезде бапкерім: «Осыған дейін қалай атып келдіңіз, дәл солай атыңыз. Қорықпаңыз», – деді. Сол сөз маған тірек болды. Ішімдегі қорқыныш бірден сейіліп, өзімді қолға алдым. Нәтижесінде тоғыздыққа дәл тигіздім. Бұл – жеңістің көз жасы. Өзіңіз ойлаңызшы, қаншама халықтың арасынан осындай жеңіске дейін жетесің. Бар күшіңді салып, бүкіл сезіміңді ішіңе жинап тұрасың. Жеңген сәтте оның бәрі еріксіз сыртқа шығып кетеді.
АЯШ КАБДОЛЛАЕВА, ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН АЛТЫН ЖҮЛДЕГЕР:
Сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Дәл осындай марапатқа, осындай құрметке ие боламыз деген ой болған жоқ. Өте ризамыз. Жалғыз мен емес, барлық спортшылар риза.
Президент ұлттық спортты дамыту Үкімет пен әкімдіктер алдындағы маңызды міндет екенін айтты. Бүгінде бұл бағытта отыздан астам арнайы мекеме жұмыс істейді. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да ұлттық спорт түрлерінен мыңдаған спортшы сынға түседі. Ендігі мақсат – осы жүйені күшейтіп, ұлттық спорттың халықаралық беделін арттыру.