Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 40 просмотров

Халықаралық шолу: паром апаты, өрт және құрғақшылық

Трамптың дәурені жүріп тұр. Халық тіпті президенттің саусағы тиген түрлі дүниелерге қызығушылық білдіріп отыр. Мәселен, жуырда Ақ үй басшысының балалық шағында тұрған үйі қыруар қаржыға сатылды. Нью-Йорктың Куинс ауданында жайғасқан баспананы бай-бағландар 1 млн 930 мың долларға сатып алыпты. Ал бірнеше жыл бұрын ғана ол зәулім ғимарат қираудың сәл-ақ алдында тұрған. Баспанаға қызығушылық 2017 жылы Трамп алғаш рет АҚШ-тың тізгінін ұстаған сәтте артқан екен.

130 адам опат болды

Өткен аптада ғана оқтын-оқтын атқылаған жанартаудан әбден құты қашқан Индонезия тағы қара жамылды. Ява теңізінде жолаушыларға лық толы паром аударылды. Алғашында ауа райының қолайсыздығына байланысты қайық радардан жоғалып кеткен еді. Кейіннен құтқарушылар тікұшақпен көкке көтеріліп жүріп, су көлігі апатқа ұшыраған маңды тапты. Жергілікті биліктің дерегінше, паромның бортында барлығы 243 адам болған. Мамандар 107 жолаушыны аман-есен жағаға алып шықты. Әзірге 6 адамның мәйіті табылды. Қалған 130 азамат із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Кеме капитаны биіктігі 3 метрлік толқынға тап болған сәтте жағажай қызметіне дабыл беріп үлгерген екен. Ал паром Сурабая қаласынан Банджармасин шаһарына қарай бағыт алған.

Кеме өртенді

Жалпы, қыркүйек айында кеме апаттары азаймай тұр. Филиппин аралдарында да жолаушылар мінген паромнан өрт шықты. Қайғылы оқиғадан барлығы 76 адам көз жұмып, 13 тұрғын із-түссіз кеткен. Жергілікті басылымдардың дерегінше, су көлігі толығымен жанып, оның тек қаңқасы ғана қалыпты. Ал опат болғандардың мәйітін тану мүмкін емес. Азаматтардың жеке басы енді тек сараптама арқылы анықталады. Жағалау күзетінің ақпаратына сенсек, борттағы 134 адамның тек 43-і ғана құтқарылған. Жолаушылар кемесі ел астанасы Маниладан Корон қаласына бағыт алған екен.

Қарттар үйі өртенді

Ал Латын Америкасындағы Чилиде қарттар үйі отқа оранды. Питруфен қаласындағы қайғылы оқиғадан 16 адам қаза тауыпты. Тілсіз жау жұрт шырт ұйқыда жатқан уақытта тұтанған екен. Қызыл жалын әп-сәтте мекеменің барлық аумағына жайылып кеткен. Ал полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер ғимараттан тек 10 адамды ғана эвакуациялап үлгеріпті. Опат болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, қарттар үйі толығымен қираған. Үйінді астында да тұрғындар қалуы ықтимал. Сол себепті құтқарушылар оқиға болған жерде тәулік бойы қызу жұмыс істеп жатыр. Өрттің себебін полиция анықтауға кірісті.

Құрғақшылық алқымнан алды

Еуропаны биыл әбден титықтатқан құрғақшылық пен аптап ыстық аймақтарға зардабын тигізбей қоймапты. Неміс ғалымдары әсіресе Германия алдағы уақытта судан таршылық көретін елдердің көшін бастайды деп болжам жасады. Мәселен, Германияда тіршілік нәрінің қоры 2015 жылдан бері ұдайы төмендеп жатыр екен. Мамандардың күдігін ғарыштан түсірілген кейбір кадрлар да қуаттай түскенге ұқсайды. Зерттеушілер бұның ең бірінші себебін жерасты суларының азаюымен түсіндіреді. Сондай-ақ ғалымдар биылғы аптап ыстықтың келтірген залалының ғарыштан түсірілген кадрларын тек келесі жылдың күзінде ғана көре алады екен. Сол себепті Германия халқы алдағы 5 жылда тіршілік нәрін үнемдеп пайдалануға мәжбүр болатын сияқты.

Қайыркен Отыншы

← Все новости