Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 7 просмотров

Тұрғын үй кезегі қайта қаралады

Тұрғын үй кезегі енді қайта қаралады. Жауаптылар талапқа сай келмейтіндер тізімнен шығарылатынын жеткізді. Бұған себеп те жоқ емес екен. Сондай-ақ жалдамалы баспананы беру тәртібі де өзгермек. Енді отбасының қанша адамнан тұратыны ескеріліп, соған сәйкес бөлме саны да ескеріледі.

Қолдау болмаса, тұрғын үйге қол жеткізу оңай емес қазір. Сол себепті де баспанаға мұқтаж жандардың мәселесі қашанда өзекті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері бекітілген жоспардың жартысынан астамы орындалған. Яғни осы сегіз айда 105 мың пәтер пайдалануға беріліпті.

БАҚЫТЖАН ЖҮНІСБЕКОВ, ҚР ӨЖҚМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін биыл мемлекеттік қолдау есебінен 12,6 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 155,5 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрғын үй мәселесі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

Статистикаға сүйенсек, республика бойынша қазір тұрғын үй кезегінде 988 мыңнан астам азамат бар. Оның шамамен 459 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Осы ретте, «Отбасы банк» өкілдері соңғы 1 жылда 65 мыңға жуық адам тізімнен шығарылғанын жеткізді. Өйткені осыған дейінгі тексеріс барысында жалған құжаттар өткізгендер анықталыпты. Бұдан бөлек, енді банк қызметкерлері деректерді тексеру үшін азаматтардың жеке келісімін күтпейді. Яғни жаңа платформада қажетті ақпараттар қолжетімді болмақ. Мұнда адамның мәртебесі, отбасы құрамы, әлеуметтік санаты және баспанасының бар-жоғы туралы мәлімет толықтай енгізілген.

ЖАНСҰЛТАН МАТАЙ, «ОТБАСЫ БАНК» ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінде бізде шамамен бір миллион адам бар. Оның 642 мыңы бұрынғы кезектен өтті, тағы 330 мыңға жуық азамат жаңа заң аясында жаңадан кезекке тұрды. Енді олардың барлығын тексереміз. Заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Инвентаризация қорытындысында қазіргі талаптарға, яғни тұрғын үйге мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келмейтін азаматтар кезектен шығарылады.

Сондай-ақ ведомство өкілдері осы айдан бастап жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі де өзгеретінін жеткізді. Яғни енді пәтерді беру кезінде баспананың көлемі емес, отбасы құрамына сәйкес бөлме саны ескеріледі. Демек, адам көп болса, тиісінше соған сай баспана беріледі. Ал бұған дейін бір адамға 15-18 шаршы метрден есептелген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, соңғы 10 жылда осы тетік арқылы 23 мыңнан астам пәтер қолданысқа берілген екен. Олардың жалпы құны 207 млрд теңгеден асады. Естеріңізге сала кетейін, бұл бағдарламаның артықшылығы — азаматтар кейін өзі жалдап тұрған баспананы атына жекешелендіре алады.

ИСЛАМБЕК ҚАЙЫРБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағдарламаның негізгі артықшылықтары — бастапқы жарнаның болмауы, жылдық 3,1 пайыздық төмен сыйақы мөлшерлемесі, жалдау мерзімінің 20 жылға дейін созылуы және пәтерлердің таза әрлеумен берілуі. Бұл азаматтарға бастапқы жарна үшін алдын ала қаражат жинамай-ақ, бірден қоныстануға дайын тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Өтінімді қарау үшін комиссия алынбайды. Дегенмен бағдарламаға қатысудың міндетті шарты — үміткердің төлем қабілетін растауы.

Бұдан бөлек, енді кезекте тұрған азаматтың немесе оның отбасы мүшесінің меншігінде тұрғын үйдің кемінде 50 пайызы болса, ол баспанаға мұқтаж ретінде есепке алынбайды. Алайда бұл талап бұрын кезекке тұрғандарға қатысты емес. Сондай-ақ өтініш беруші жұбайы мен балаларынан бөлек, екі жақтың ата-аналары мен немерелерін өзара келісім бойынша отбасы құрамына қоса алады.

← Все новости