Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 7 просмотров

Әлем жаңалықтары

«Балапанды күзде санайды» демекші, Америка әскері Иранмен соғыстың шығындарын әр долларына дейін есептеуге кірісті. Пентагонның есеп-қисабына сүйенсек, Трамп жарты жылдың ішінде Парсы шығанағына 40 млрд доллар ағызып жіберген. Сондай-ақ, бұл шығын ай сайын 2-3 млрд-қа ұлғайып отыр екен. Десе де, Америка қорғаныс министрлігі бұл жұмыстарға кәсіби аудиторларды тартпапты. Сондықтан бұл жорамал ғана. Ал АҚШ әскері қаржының басым бөлігін оқ-дәрілерге жұмсаған. Енді мамандар Ақ үйдің Қарулы күштері айтарлықтай әлсірегенін айтып отыр. Енді сарбаздарды бастан-аяқ жарақтандыру үшін бірнеше жыл кетуі мүмкін.

Тікұшақ құлады. АҚШ.

Америкада БАҚ өкілдері апатқа ұшырады. Лос-Анджелесте жергілікті телеарналардың біріне тиесілі тікұшақ құлады. Әуе көлігі шаһардағы автобустардың авариясын таспалау үшін көкке көтерілген екен. Көп ұзамай пилот тізгінге ие бола алмай, техника коммерциялық ғимараттардың тұрағына құлдилаған. Ал оның соңы ауқымды өртке ұласып, тілсіз жау өзге де автокөліктерді жайпап үлгерген. Ал қайғылы оқиғадан 3 тұрғын опат болды. Алғашында өрт сөндірушілер құрбандар санын бір адам деп хабарлаған еді. Кейіннен мамандар тікұшақтың бортынан тағы екі азаматтың мәйітін тапты. Қайғылы оқиғаның мән-жайы әзірге белгісіз. Тергеу жұмыстарын АҚШ-тың азаматтық авиация басқармасы жүргізеді.

Америка әлемді таңғалдырды. АҚШ.

Соғыс жаңа деңгейге шықты. АҚШ-тың құрлықтағы және әуедегі техникаларына таңданып жүргенде, Пентагон сенсациялық деректерді жайып салды. Америка әскері ғарышта да заманауи қару-жарағы барын мойындады. Мұндай мәлімдемені елдің Әскери әуе күштерінің министрі Трой Мейнк жасады. Ол бұл сөзін «Эйр Спейс Кибер» конференциясында айтқан екен. Оның сөзінше, қазір Америка орбитаға да ғарыштан бақылау жасайтын қондырғылар орнатып алған. Осы арқылы жеріне көз алартқандар мен жұлдызы қарсы мемлекеттердің шабуылына тойтарыс беруге қауқарлы. Десе де, министр ғаламшарға қандай құрылғылар жеткізілгенін нақтылаған жоқ. Мұндай күтпеген жаңалық сарапшыларды да алаңдатпай қоймады. Мысалы, ғарыш қауіпсіздігі бойынша мамандар Ресей мен Қытай да жуырда осы тектес деректерді жариялауы мүмкін деп болжап отыр.

Роботтар робот құрастырады. Қытай.

Ал көрші Қытай әзірге әлемді озық технологиясымен таңғалдырып жатыр. Бейжіңнің білікті мамандары робот құрастырудың келесі деңгейіне өтті. Енді шығыстағы көршіміз құлтемірлердің өзін гуманоидтардың көмегімен дайындайды. Тіпті заманауи технологияның жылдамдығына таңдай қағуға болады. Роботтар жылына 10 мың дана өздерінің туыстарын құрастыра алады. Мысалы, мұндай заманауи роботехника фабрикасы Лючжоу қаласында жайғасқан екен. Енді мамандар ақылды, өздігімен жұмыс істей алатын сериялы құлтемірлерді дайындап шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ, Қытай инженерлері зертханалық сынамалардан практикалық тәжірибелерге біртіндеп көше бастайды. Ал бұл істе барлық процесс толық автоматтандырылған. Тіпті құлтемірлер қажет шикізатты да өздері тасымалдауға бейімделген.

Бітімгерлік келісімі жайына қалды. Йемен.

Араб түбегінде жағдай күннен күнге ушығып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Йемендегі оқиғалар бойынша шұғыл жиын өткізді. Бұған хуситтер тарапынан төнген қауіптің күшеюі себеп. Қарулы топ Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы Моха портын басып алған. Ал бұл бағыт арқылы Сауд Арабиясы әлемге қара алтын экспорттайды. Сонымен қатар, хуситтер солтүстіктегі алпауыт корольдікті зымыранмен атқылап, әуе шабуылдарын үдетті. Ал мұның кесірі әдеттегідей бейбіт халыққа тиіп жатыр. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы қарулы топқа қарсы соққылар жасауға көшті. Соңғы деректерге сүйенсек, бір аптада хуситтердің шабуылынан 500 адам қаза тауып, 18 мыңдай тұрғын босып кеткен. Сауд Арабиясында 73 адам зардап шеккен көрінеді.

← Все новости