Елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасына миллионнан астам оқырман қатысуға ниет білдірді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Бастамаға мектеп оқушыларынан бастап, кітапсүйер қауымның барлығы атсалыса алады. Шарттарына тоқталсақ, қатысушылар 7 бағыттың бірін таңдап, 6 ай ішінде 15 кітап оқуы тиіс. Марафон аудан, қала, облыс деңгейінде өтеді. Осы кезеңдерден үздік шыққандарға келесі жылдың наурызында ақшалай сыйлықтар беріледі. Ал одан іріктелген кіл жүйріктер республикалық финалда бақ сынайды. Ақтық сатыда 10 жеңімпаз анықталып, олардың әрқайсына 10 млн теңгеден тарту етіледі. Жеңімпаздардың есімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күнінде жарияланады.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Осыған орай, марафонға көшбасшылық және мемлекетшілдік тақырыбындағы 15 кітапты қамтитын «Парасат» атты арнайы санат енгіздік. Бұл санатта сыйақы немесе жүлде қарастырылмаған. Оның мақсаты – елге белгілі азаматтардың қоғаммен ой бөлісіп, кітап оқудан жастарға өнеге көрсету. Жылдың 10 оқырманы жобасына атсалысып, кітап оқитын озық ел болайық.