Көргенде жүрек сыздайды. Әлемді әнімен тербеген Димаш Құдайберген бұл жолы дүниежүзі халқына үндеу жасады. Бангладештің Кокс-Базар лагеріне барған ол босқындардың өмірімен танысып, жаһан жұртын зардап шеккен жандарға қол ұшын созуға шақырды. Өнерпаз қиындыққа тап болғандарға әр адамның қолдауы өте маңызды екенін атап өтті. Оның жүректі елжіретер видеосын БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы жариялады. Ал Димаштың бұл үндеуін жер-жаһандағы миллиондаған адам қолдап отыр.
ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ӘНШІ:
Мұндағы отбасылар күн сайын балаларымызға тамақ сатып аламыз ба, әлде дәрі-дәрмек табамыз ба деген таңдау жасауға мәжбүр. Ресурстар шектеулі, ал оларға қажет заттар шаш етектен. Көптеген мұқтаж адамға көмектесу үшін бізге қолдау қажет. Бүгіннен қалдырмай қайырымдылық жасаңыз, өйткені әр сома маңызды. Сіздің жомарт көңіліңіз осындағы отбасыларға жаңа өмір бастауға көмектеседі.