Қымбат көлігімен құйғытып, әлеуметтік желі үшін желіккен жүргізушілер жауапқа тартылып, 10 тәулікке дейін қамалып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елордада дрифт жасаған жүргізуші 10 күнге қамалған. Дәл осындай іс-әрекетті қайталаған алматылық ер азамат та 5 тәулікке темір торға тоғытылған. Олардың көліктері арнайы тұраққа қойылыпты. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері елімізде өзгелердің өміріне қауіп төндірген 370-тен астам жүргізуші жазаға тартылған. Сонымен қатар 226 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталып, оның ішінде 5 мыңнан астам азамат мас күйінде рөлге отырған.