Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 6 просмотров

«ҚазАвтоЖол» басшысы оңбай сөз естіді

Автожолдарды жөндеуге бәленбай миллиард қаражат бөлініп жатқанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Шұрық-тесік трассалардың кесірінен қаншама тағдыр қара жолда үзілді. Бұл өзекті мәселе Үкімет қабырғасында көтерілді. Олжас Бектеновтің ашуға булыққаны байқалды. Ол «ҚазАвтоЖол» басшысына не жұмыс істеу керектігін, иә болмаса орынды босату қажет дегенге келтірді.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Олжас Бектенов бірқатар басшының жұмысына көңілі толмады. Қайырлы кеш, көрермен! Қазір бәрін рет-ретімен түсіндіріп беремін. Жалпы Үкімет отырысының басында сол баяғы кедір-бұдыр жолдар, трассадағы қауіпсіздік, жол апаттарының статистикасы айтылды. Алғашқы болып сөз алған Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің баяндамасын тыңдадық. Министрдің айтуынша, бақылау күшейіп, тиісті жұмыстар жүргізілгеннің арқасында жол-көлік оқиғаларының саны азайған. Жақсы жаңалық, әрине. Бірақ республикалық маңызы бар жолдардағы адам өлімінің саны алаңдатарлық. Сала басшысы ең қауіпті учаскелерді атап өтті.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Жамбыл облысында «Алматы – Ташкент» трассасында 60 адам қаза тапты, Алматы облысында «Алматы – Бішкек» бағытында 33 адам, «Алматы – Өскемен» бағытында 12 адам және «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассасында 17 адам, сондай-ақ Ақтөбе облысында «Шымкент – Самара» бағытында 19 адам, «Ақтөбе – Атырау» бағытында 14 адам көз жұмды.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Иә, жол қателікті кешірмейді. Осының барлығын алдын алу үшін жауаптылар, обалы не керек, жатпай-тұрмай жұмыстанып жатыр. Қазір жасанды интеллектінің көмегімен 8 сағаттан артық рөлде отырғандарды анықтайтын жүйені іске қосу жоспарланып отыр. Одан бөлек, автожолдардағы орташа жылдамдықты өлшейтін камера тиімділігін көрсетсе керек, енді оны басқа да учаскелерге қосу көзделіп отыр. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, трассадағы келеңсіздіктердің бәрі тізгіншінің кінәсі деуге де болмайды. Өйткені ойқы-шойқы жолдан қашамын деп, тағдыры үзілгендер де баршылық. Діттеген жеріңе жеткенше жаныңды шүберекке түйіп, жүйкеңді жұқартатын жолдар аз емес. Сондықтан бұған салғырт қараған лауазымды тұлғалар заң алдында жауап беріп жатыр екен.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Әкімдіктер мен жол ұйымдарына тиісті нұсқамалар енгізіледі. 5 мың лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Оның ішінде аудан және ауыл әкімдеріне қатысты 487, ал «ҚазАвтоЖол» филиалдарының басшыларына қатысты 345 әкімшілік ықпал ету шарасы қолданылды. Сонымен қатар жолдарды тиісінше күтіп ұстамау деректері бойынша төрт қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, бірте-бірте ескі-құсқы жолдардан құтылатын күндер алыс емес секілді. Алдағы жылдары жалтыраған теп-тегіс трассамен жүреді екенбіз. «ҚазАвтоЖол» басшысының сөзінше, жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам автомобиль жолын іске қосу жоспарланып отыр екен. Сапасы анау-мынау емес, таңдай қақтырады деп сендірді.

ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Орташа жөндеу 141 нысанда, жалпы 4 242 шақырым жолда жүргізілуде. Оның жартысын биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

«ҚазАвтоЖол» басшысы айтарын айтып, есебін беріп болғаны сол еді, Олжас Бектенов бірден шүйлікті. Үкімет басшысы нақты проблемалардың қамтылмағанын, жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйткілдердің шаш етектен екенін айтты. Әсіресе жолдың сапасы көңіл көншітпейтініне назар аударды. Сондықтан қордаланған мәселелерді созбалаңға салмай, дереу шешуді тапсырды. Ал нәтиже болмаса, қызметіңізбен қоштасуға тура келеді дегенді аңғартты, Премьер-министр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Баяндама жақсы. Бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі де сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады. Ұқтыңыз ба?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осылайша, Олжас Бектенов әрқайсысының уәдесін алып, кезекті тақырыпқа көшті. Ол – жолаушылар тасымалы. Сүйінші жаңалықпен де бөлісіп қояйық. Келер жылы жүргізушісіз такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр екен.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Жүргізушісіз көліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база да әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда пилоттық жоба Алматы, Астана және Қосшы қалаларында іске қосылған.

Такси демекші, бұл қызметте талап күшейіп жатыр. Енді рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне жұмыс істеуге тыйым салынады. Бүгіннің өзінде inDrive компаниясы 70 мыңнан астам машинаны жүйеден алып тастапты. Енді VIN код арқылы бәрін тексеріп, қажет болса бұғаттайды.

Айтпақшы, тағы бір мәселе – Премьер-министр халықтың тыныштығына тоқталды. Олжас Бектенов түн ішінде қалада гуілдеп, көшені басына көтеріп, бейберекет көлік айдайтындарды назардан тыс қалдырмады. Мұндай бұзақыларға қандай шара қабылданып жатыр деп Ішкі істер министріне сұрақты төтесінен қойды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Түннің ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Осыған байланысты қандай шаралар атқарып жатсыздар?

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Полиция тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде цифрлық шешімдер, камералар оған көп көмектесуде, камералармен анықтаймыз. Жыл басынан бері осындай 372 факті орын алды. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 55-і қамаққа алынды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Оларға айыппұл емес, қамау керек.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осылайша, Бектенов тәртіпті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың барынша алдын алу қажеттігін қадап айтты. Қауіпті учаскелерді жіті патрульдеу, малдың жолға шығып кетуіне жол бермеу және автожолдарды сапалы мобильді байланыспен қамту сияқты міндеттердің бәрін рет-ретімен шешу керек деді. Асаубек, менің айтарым осы. Үкімет отырысы бүгін осындай өзекті, маңызды мәселені қарады. Енді жауаптылардың жарғақ құлағы жастыққа тимей, аянбай еңбек етеді деп ойлаймыз.

← Все новости