Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 4 просмотра

Ерекше марафон өтті

Жігерлі жандар жығылмайды! Астанадағы Триатлон саябағында пара марафон ұйымдастырылды. Оған ерекше қажеттілігі бар азаматтар қатысты. Биыл төртінші рет өткізілген іс-шарада бақ сынауға өтініш бергендердің қатары да қалың. Ал қатысушылар топ-топқа бөлініп, 1 және 3 шақырым қашықтықты еңсерді. Осылайша, ерекше жандар спортта мүмкіндіктің шекарасы болмайтынын тағы бір дәлелдеді.

Ерекше жандар, қоғамға бейімделген жандар. Елорданың таңғы салқынына қарамастан саябақтағы жүгіру алаңына жиналғандардың көңілдері көтеріңкі. Олар парамарафонда бақ сынауға мүмкіндік алды. Сайысқа келгендердің дені мұндай бәсекелерге алғаш рет қатысып тұр.

ХАЛИД РУСТАМОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Мен марафондарға қатысып көргенмін. Бірақ өзім айдауым екінші рет. Жасым 11-де менің. Хоккейден сборныйға шыққым келеді. Мен өзім хоккейшімін. Спортпен айналысыңдар, ешқандай қиналыс жоқ. Ол қиналысты өздеріңе істеп жатырсыңдар.

Пара марафонға арнайы жиналғандардың арасынан жалынды сөздерімен көпшілікті жігерлендіріп жүрген жас мотиватор Саян Тұңғышовты да көзіміз шалып қалды. 16 жастағы отандасымыз бұл жолы да дәстүрден жаңылмады.

САЯН ТҰҢҒЫШОВ, ЖАС МОТИВАТОР, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Бүгін біз жарысу үшін емес, бүгін біз бір-бірімізге күш беруге жиналдық. Қолымыздан келмейді деді ма, керісінше біз қолымыздан келгенін жасаймыз. Біз ерекше жандармыз. Біз жігерлі жандармыз. Біз мықтымыз. Алға, жігерлі жандар!

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Бұл жарыста жеңімпаз жоқ. Себебі сөреден аттанған қатысушылардың барлығы – чемпион. Ал кейде он екі мүшесі сау азаматтардың өздері дәл осындай бұқаралық спортқа қатысуға енжарлық танытып, кейде жігерсіздік көрсетіп жатады. Ал осылайша ерекше жандар табандылықтың жарқын үлгісін көрсетіп жатыр.

Иә, мәреге жеткен барлық қатысушыға жүлде мен сыйлықтар бұйырды. Өйткені ерекше жандардың жарыс жолына шыққанының өзі үлкен нәтиже. Бірақ табанды азаматтар бәсекеге атүсті қараған жоқ. Олар төрешінің пәрменін естіген бойда, бағындырған әр метр үшін жанын салды. Әркім өз-өзімен күресте чемпион атануға тырысты.

КЛАРА ЕСЖАНОВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Өзімнің жасым 79-да. Мүмкіншілік бола бермейді ғой. Қартайып келе жатырмыз. Биыл қатысайын дедім. Екінші ма, үшінші ма келдік. Мына балам көмектесті. Өте жақсы әсер береді. Өзіңді полноценно чувствуешь. Менің қадамым себеп болсын айналама деп қатысып жатырмын.

Қатысушылардың арасында 2016 жылғы Рио Паралимпиадасының чемпионы, суда жүзу шебері Зүлфия Ғабидуллина да бар. Ол тығыз жаттығу кестесіне қарамай, уақыт тауып марафонға арнайы ат басын бұрыпты. Ардагер спортшы 60-ты алқымдаса да, кәсіби мансабын аяқтайтын ойы жоқ. Жуырда атлетіміз Жапониядағы Пара Азия ойындарында бақ сынайды.

ЗҮЛФИЯ ҒАБИДУЛЛИНА, РИО-2016 ПАРАЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:

Мен еш уақытта спорттан қол үзген емеспін. Барлық бұқаралық жарыстардан қалмауға тырысамын. Қазір осындай сайыстарға қатысатын ерекше жандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Мысалы, бір кездері бәсекелерге 10-15 адам әрең жиналатын. Бүгінде отандастарымыздың қатары қалың. Мұндай додалар өмірде сынбауға, қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

Ал шараның негізгі мақсаты – ерекше физикалық қажеттіліктері бар жерлестеріміздің арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау. Бүгін жарысқа келген азаматтардың барлығы уақыттарын құр өткізбейді екен. Олар Астанадағы паралимпиадалық орталықтарда ұдайы жаттығып, белсенді орта қалыптастырып үлгерген.

АБДУСАИД НАЗАРОВ, ПАРАЛИМПИАДАЛЫҚ ЖАТТЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жарыс төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Сайысқа қатысуға ниет білдірген азаматтардың саны 80-нен асты. Марафонда кәсіпқой спортшылардан бөлек, қарапайым тұрғындар да бақ сынауға мүмкіндік алды. Олар жүгірмес бұрын тыңғылықты дайындықтан өтеді. Алдағы уақытта сайыстың көкжиегін кеңейту жоспарда бар. Барлық өңірде ұйымдастырып, ерекше жандардың басын қосқымыз келеді.

Бас-аяғы бір сағатқа созылған бәсеке ерекше жандардың көңілінен шықты. Себебі осы марафонға қатысқандар жігерленіп, алға құлшыныспен ұмтылады. Доданы ұйымдастырушылар болашақта бағдарламаға басқа да спорт түрлерін қамтуды көздеп отыр.

← Все новости