Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 12 просмотров

Шахматшылар әлемді аузына қаратты

Отандық шахмат мектебінің дәурені жүріп тұр.

Белгілі гроссмейстер Бибісара Асаубаева елімізді әлемге танытса, қазақстандық бапкерлер де барын салуда. Өзбекстанның Самарқанд қаласында жалауын көтерген 46-шы шахмат олимпиадасында біздің мамандарымыз алты бірдей шет мемлекеттің құрамасын дайындаған екен. Атап айтқанда, Иордания, Камбоджа, Қырғызстан, Непал, Пәкістан және Түрікменстан командалары қазақстандық менеджерлердің жетекшілігімен өнер көрсетіп жатыр. Бүгін ұлттық құрамамен кездескен Қазақстанның осы елдегі төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов мұны «тарихи оқиға» деп атады.

Ералы Тоғжанов, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Орталық Азияда мұндай ауқымдағы, 200-ге жуық мемлекет өкілдері қатысатын шахмат олимпиадасы алғаш рет өтіп жатыр. Мұнда қонақтар мен қатысушылар өте көп. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді – бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бүгінде Қазақстан құрамасына қандай назар аударылып жатқанын көріп отырмын. Бұл қазақстандық шахматтың бүгінде әлемде лайықты орын алып отырғанын білдіреді. Сондықтан біз өз жігіттерімізге сенеміз, біздің команда лайықты орын алады деп сенімдімін.

15 қыркүйекте басталған байрақты бәсекеде шахматшыларымыз шашасына шаң жұқтырмай келеді. Қазақстан әйелдер құрамасы бірде-бір командалық ұпай жоғалтпай, Қытаймен иық тірестіріп тұр. Ерлер командасының да аяқ алысы жаман емес. Алтыншы турда колумбиялықтардан айласын асырды.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

Биыл бізде керемет нәтиже көрсетуге барлық мүмкіндік бар. Кешегі күн біздің команда үшін өте жақсы болды және бізге маңызды жеңістер әкелді. Шахматшыларымыз өте күшті қарсыластарға қарсы керемет ойын көрсетті. Біз әрқашан сіздермен біргеміз. Қолдаймыз. Өз күштеріңізге және жеңіске сеніңіздер. Әр жетістіктеріңіз шахматпен енді ғана айналыса бастаған балаларға бағдар болады.

Жерлестерімізді маңызды кездесулер күтіп тұр. Әйелдер командасы турнир көшбасшысы Қытаймен шеберлік байқасса, ерлеріміз Сербия құрамасымен сынға түседі.

Бердібек Қарымбай

← Все новости