Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 2 просмотра

Халық кеңесінің тұңғыш төрағасы сайланды

Қоғам мен биліктің арасын жалғайтын жаңа конституциялық орган жұмысын бастады. Қазақстан Халық кеңесінің тұңғыш төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Алғашқы сессияда Кеңестің ұйымдық құрылымы айқындалып, алдағы жұмысының бағыт-бағдары белгіленді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бүгін осы жерде Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтеді. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жаңа кеңеске 126 азамат енген. Олар елдің әр өңірі мен түрлі қоғамдық топтарының мүддесін бір алаңда білдіреді.

Бұл жиынмен елімізде жаңа конституциялық институттың жұмысы ресми түрде басталды. Ел тарихында алғаш рет Халық кеңесінің сессиясы шақырылып, оның басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашылды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Кеңес төрағасын сайлау. Конституциялық заңға сәйкес, бұл лауазымға кандидатураны Президент немесе Кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі ұсына алады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға.

Бұдан кейін жасырын дауыс беру өтті. Жәшіктен 121 бюллетень алынды. Кеңестің 120 мүшесі Ерлан Қошановты қолдады, қарсы дауыс берілген жоқ, бір адам қалыс қалды. Осылайша, ол Қазақстан Халық кеңесінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Қошанов бұл қызметті төрт жыл атқарады. Бір адам төраға болып екі реттен артық сайлана алмайды.

ЖҰМАБЕК ЖАНЫҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Меніңше, Ерлан Жақанұлы өте білімді, тәжірибелі азамат деп танимын ағамызды. Сондықтан ол кісі төраға болғанына қуаныштымын. Себебі 126 адамды, жан-жақтан келген әртүрлі адамдарды, өңірлерден келген тәжірибелі мамандарды басқару, баланс ұстау оңай емес. Ол кісінің бастамасымен нәтижелі жұмыс істейміз деп үміттенемін.

Кеңестің құрылымы Сессия мен Төралқадан тұрады. Ал нақты мәселелер тұрақты және уақытша комитеттерде, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарында талқыланады. Айта кетейік, Кеңес мүшелері бұл жұмысты қоғамдық негізде, яғни ақысыз атқарады. Олар елдік мәселелерді шешуге өз тәжірибесі мен білігін жұмсамақ.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ел шежіресіндегі алғашқы Халық кеңесінің жауапкершілігі ерекше, жүктелетін міндет те бөлек. Сондықтан бәріміздің алдымызда тарихи ауқымдағы міндет тұр: бұл институтты нақты мазмұнмен толықтыруымыз керек.

Осылайша, жаңа институттың төрт құбыласы түгенделіп, алдағы жұмыстың бағыт-бағдары айқындалды. Ендігі міндет – әр өңірден жеткен ұсынысты сүзгіден өткізіп, ел мүддесіне қызмет ететін ортақ шешімге ұластыру.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Халық кеңесінің ұсынысы енді тек пікір күйінде қалмайды. Жаңа орган Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Демек, қоғамда айтылған мәселені нақты саяси әрі құқықтық шешімге айналдыруға мүмкіндік бар.

← Все новости