Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 10 просмотров

Әлем жаңалықтары

Әуе рейстерінің уақытынан кешіккенін жиі естіп жүрміз. Негізі, ұшақтар ауа райының қолайсыздығы мен лайнердің техникалық ақаулары себепті аялдайды. Алайда Жаңа Зеландиялық әуе компаниясы ұшақтарының көкке дер кезінде көтерілмеуіне ерекше оқиға түрткі болды. Лайнердің қос пилоты жауапты сәтте бір-бірімен жаға жыртысып қалған. Сондықтан Сан-Францискодан Жаңа Зеландияға аттанған жолаушылар Америкада 14 сағат отырып қалды. Даулы оқиғадан кейін тасымалдаушы компания қызметтік тексеріс бастады.

ТАРИХИ САПАР. АҚШ

Тарихи сапар. Қытай төрағасы Си Цзиньпин басты экономикалық бәсекелесі Америкаға ат басын бұрды. Вашингтонда мейманды Дональд Трамптың өзі жұбайымен күтіп алды. Ол АҚШ-та үш тәулік аялдайды. Осы уақыт аралығында қос тарап жасанды интеллекті дамыту бойынша келіссөздер жүргізеді. Себебі АҚШ пен Қытай нейрожүйені ілгерілету тақырыбын экономикалық қана емес, ұлттық қауіпсіздік және әскери әлеует ретінде қарастырып отыр. Сондай-ақ Иран мен Тайвань мәселесі бойынша да пікір алмасады. Десе де, сарапшылар бұл жиыннан қандай да бір ілгері нәтиже күтіп отырған жоқ. Вашингтон мен Бейжіңнің арасындағы уақытша 11 айлық сауда келісімінің мерзімі қарашада аяқталады. Ал тараптар бірнеше мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткізе алмай келеді. Ал Қытай төрағасы Америка басшысының тамырын басып, бірқатар сала бойынша тарифтердің құнын төмендетіп алуды көздейді.

АҚШ ДАНИЯМЕН КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ. АҚШ

Ақ үй басшысы дегеніне жетті. Дональд Трамп осы аптада БҰҰ Бас ассамблеясына қатысып, қабақ шытып жүрген бірқатар елдердің басшыларымен стратегиялық келісімге келді. Мәселен, АҚШ президенті Дания және Гренландия билігімен Арктикадағы қауіпсіздікті нығайту бойынша маңызды құжаттарға қол қойды. Енді Америка жаһандағы ең ірі аралда өзінің әскери базасын орналастырады. Сондай-ақ АҚШ туы астындағы ұшақтарға, кемелер мен дрондарға Гренландияның әуе және теңіз кеңістігін емін-еркін пайдалануға рұқсат беріледі. Бұдан бөлек, тараптардың келісімінсіз НАТО-ның құрамына кірмейтін мемлекеттер Данияға тиесілі жерде әскери нысандар тұрғыза алмайды. Айта кету керек, Трамп бұған дейін аралды бақылауға алу қажеттігін бірнеше рет айтқан еді.

ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ. ЖАПОНИЯ

Жапония табиғи апаттардан бір сәтке де көз ашпайтын болды. Бұл жолы аралды мемлекеттің мазасын жойқын тайфун алып жатыр. Табиғаттың тосын мінезі оншақты адамның өмірін жалмады. Екпінді жел Хонсю аралындағы тұрғындарды әбігерге салды. Ал дауыл электр бағаналары мен ғимараттарды қиратып кеткен. Канагава мен Тиба префектурасында 25 мың адам жарықсыз, қараңғы түнекте отыр. Сондай-ақ тайфун аймақтардың инфрақұрылымына айтарлықтай зақым келтірді. Жергілікті билік шығын көлемін есептеуге кірісті.

← Все новости