Қыршын кеткен сарбаздардың қауіпсіздігіне салғырт қараған тұлғалар анықталды. Бұл жөнінде Бас прокуратура мәлімдеді. Құзырлы орган дерегінше, кешеден бері 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынып, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген. 12 сараптама тағайындалыпты. Қазіргі уақытта жұмысына атүсті қарап, құтқару шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған лауазымды тұлғалар күдікке ілінді. Осыдан соң Ішкі істер министрлігі Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталғанын мәлім етті. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар.
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:
Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.
Десек те көптің көкейінде «оқу-жаттығу жұмыстары қалай ұйымдастырылды, күн райы күрт бұзылған сәтте қандай шаралар қабылданды, іс бұрмаланып кетпей ме?» деген сан сауал сайрап тұрғаны рас. Ал Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия өкілдері тергеу мейлінше мұқият жүргізілетінін жеткізді.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетін болады. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретін болады. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қомақты көмек көрсетіліп, барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады.
ЕРБОЛ ІЗБЕРГЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдарлық байланыстарын анықтауда. Тергеу барысында болған оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу және сот нәтижесінде кінәсі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастыруда.